Алматыда пәтерлерді туыстарына арзанға сатқан шенеунік сотталды
«Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» серіктестігінің директоры Руджан Байтасов 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол мемлекеттік пәтерлерді өзінің туысқандары мен таныстарына арзан бағаға сатқаны үшін істі болды. Медеу аудандық №2 сотының материалына сәйкес Байтасов 23 мемлекеттік пәтерді сатып жіберген. Осылайша, Үкіметке 388 миллион теңге залал келтірген. Сондай-ақ сот оның мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдары мен квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметте істеуіне тыйым салды. Дегенмен айыпталушы апелляциялық шағым түсірген. Іс қалалық соттың қарауына жіберілді.