Қазақстанда 6 жаңа IT-хаб ашу жоспарланып отыр

«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде Ақтөбе облысында мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Әлихан Смайылов аймаққа сапары аясында жобаның жүзеге асу барысымен де танысты. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, облыстағы барлық 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді. Қаржыландыруға республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қыркүйек айында қосымша 12,5 млрд теңге бағытталады деп күтілуде. Бүгінде мыңға жуық жоба іске асып, жаңа жұмыс орындары құрылды. Құс шаруашылықтары, жылыжайлар мен наубайханалар сынды кәсіпорындар ашылды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Бұл бағдарлама – өте маңызды бағдарлама. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін. Біз биыл 100 млрд теңге республика бойынша бөлдік. Соның, жаңа айтып отырмын, 6,5 млрд теңгесі осы Ақтөбе облысына. 1,5 мың жобалар іске асырылады. Енді келесі жылы кем дегенде дәл осындай қаражат тағы бөлеміз, 100 млрд. Әрі қарай кеңінен тарағаннан кейін біз ол қаражатты көбейте береміз. Сонда өздеріңіз сияқты кәсіпкерлердің саны көбейе береді.

 

6 жаңа IT-хаб ашу жоспарланып отыр

Сондай-ақ жыл соңына дейін Қазақстанда 6 жаңа IT-хаб ашу жоспарланып отыр. Хаб сала қатысушылары үшін біртұтас экожүйеге және венчурлық инвесторлардың, ірі бизнес пен технологиялық стартаптардың қатысуымен салалық форумдар, бизнес-дебаттар өтетін алаңға айналады. Жыл ішінде кемінде 150 инкубациялық бағдарлама мен 75 стартап жобаны іске қосу көзделіп отыр. Премьер-министр әрбір қалада және ауылда жастардың цифрлық технологияларды меңгеруіне және қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ІТ индустрияны дамыту орталығы болуы керектігін баса айтты. Реті келгенде Астанадағы халықаралық IT-хаб-тың жетістіктерін тілге тиек етті. Былтыр IT өнімдері мен қызметтерінің экспорты 300 млн доллардан асса, биыл 500 млн долларды құрады. Алдағы 2-3 жылдың ішінде 1 млрд долларға жетеді деп күтілуде, -деді Әлихан Смайылов.