Қазақстанда 250 мыңдай бұралқы итті аулау жоспарланып отыр
Биыл жыл соңына дейін елімізде 250 мыңдай бұралқы итті аулау жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 3 мыңға артық болғалы тұр. Қазіргі заң бойынша адам баласына шабуылдай беретін қабаған иттерді зарарсыздандырып, көбеймеуі үшін биотазартудан өткізеді. Кейін бостандыққа жібереді. Иесі жоқ хайуанның ашу-ызасы басылмай қоғамға қауіп төндіре берсе, оқиға орнында екпе егу арқылы денесін жансыздандыруға рұқсат беріледі.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құжат бүгін Мәжіліс қабырғасында Экология комитеті шеңберінде талқыланды. Үй жануарларын ұстауға арналған мемлекеттік питомниктерге былтыр бюджеттен шамамен 2 млрд теңге бөлінген. Биылғы қаражат 3 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев айтты.
Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, 2022 жылы иттен зардап шеккен адамдардың шағымы 20 мыңға жеткен. Былтыр және осы жылы арыздардың саны 50 мыңнан асып отыр. Қабаған төрт аяқтылардың 70%-і – бұралқы иттер. Заң жобасындағы ұсынысымыз бойынша бұдан былай көшеде ауланған бұралқы иттерді питомниктерде екі апта ұстайды. Осы уақыт аралығында жануарды ешкім алып кетпесе, арнайы екпе арқылы денесі жансыздандырылады. Ал чипке тіркелген ит ауланса, иесіне алдын ала хабар жіберіледі. Ол 60 күн ішінде үй жануарын алып кетуі керек.