Премьер-министр: Экономиканы әртарапты ету – үкімет басымдықтарының бірі

Ел экономикасында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 47%-ға жетіп, шикізат секторының үлесі 45%-ды құрады.

Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат отырысында айтты. Онда бүгін 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң талқыланды. Үкімет басшысы қазір шикізатты бірінші кезекте экспортқа емес, ішкі нарыққа жіберіп жатырмыз, деді. Алюминий мен мыс өңдеу екі есеге ұлғайған. Отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесі кеңейтілді. Олжас Бектенов биыл қазақстандық тауар өндірушілермен жасалған келісім-шарттардың саны 55%-ға өсіп, жалпы сомасы 350 млрд теңгеге келісімшарттар жасалғанын жеткізді. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Экономиканы әртараптандыру – ол Үкіметтің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі деп айтуға болады. Мемлекет басшысы да осы мәселеге үнемі назар аударады. Жалпы экономиканы әртараптандыру бағытында өте маңызды мәселе ол отандық өндірушілерді қолдау. Мысалы, мемлекеттік сатып алу шеңберінде. Біз қазір тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынатын тауаплардың тізбесін 1,5 мыңнан 4,5 мыңға дейін тауарлық позицияға жеткіздік. Ол деген үлкен қолдау. Яғни кез келген мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік компания осы 4 жарым мың тауарлық позиция бойынша ешқандай импорттық тауар сатып ала алмайды.