Ауылдарды дамытуға қосымша қаржы бөлінеді

Сенаторлардың ұсынысымен ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болды.

Бұл туралы бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. Сенат спикері бұл Президенттің тікелей тапсырмасы екенін жеткізді. Республикалық бюджетті талқылау барысында сенаторлар Үкімет мүшелерінің алдында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, экономиканы әртараптандыру, салықтық түсімдер мен инфляцияның өсуі, гидротехникалық құрылыстардың, жылу желілерінің жай-күйі, ауыл шаруашылығын қолдау және ауылдағы өмір сүру сапасын арттыруға қатысты мәселелерді көтерді. Осылайша депутаттар өңірлерді дамытуға арналған қаражатты арттыру қажеттігін айтты. Нақты айтқанда, келесі жылға қосымша 60 млрд теңге бөлуді ұсынды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бүгін еліміздің басты қаржы құжаты алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарадық. Мемлекеттің барлық міндеттемелерін толық орындау бюджеттің басым міндетінің бірі болып қала бермек. Өз кезегінде сенаторлар өңірлердің өкілдері ретінде жергілікті мәселелерді шешуге арналған жаңа ұсфнфстар енгізді. Атап айтқанда ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болды. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін жобаларды қосымша қаржыландыру қарастырды.