Жамбыл облысындағы мұрағатшыларға жаңа ғимарат беріледі
Жамбыл облысының мұрағатшылары 6 жыл бұрын апатты деп танылған ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр.
Қабырғасы жарылып, сылақтары түскен мекеме Қордай ауылында орналасқан. Мәселе таяу уақытта шешімін табады. Қазір аудан орталығында 200 мың бірлік құжатты сақтауға арналған архивтің құрылысы жүріп жатыр.
Біз тұрған мына аудандық архивтің ғимараты сонау 1953 жылы салынған. Ол кезде бұл нысан мектептің интернаты реті қолданылған екен. Тек 1994 жылы архивке берілген. Ғимараттың қуаттылығы негізінен 40 мың дана бірлікке арналған. Бірақ мұнда құжаттардың саны қазір 53 мыңға жобалап қалыпты. Қоймалардың жетіспеушілігі себебінен, мекеме қызметкерлері мынадай тарихи деректерді дәлізде сақтауға мәжбүр.
Мәдениет нысанындағы мәселе 10 жыл бұрын басталған. Сол кездің өзінде ескі ғимараттың қабырғаларына сызат түсіп, сылақтары сыпырыла бастаған. Құжат сақтайтын сөрелері әбден ескірген. Қызметкерлерге кабинет жетіспейді. 2017 жылы нысан апатты деп танылған. Бірақ мұндағылар амалсыз жұмыс істеуге мәжбүр.
Қатира Уәлиева, Қордай аудандық мемлекеттік архивінің директоры:
- Заң бойынша қоймаға тек қана бас қор сақтаушы, қормен жұмыс істейтін қызметкерлер ғана кіре алады. Өкінішке орай қызметкерлерім де сыймай отыр бір бөлмеге біз сыймаймыз. Қойманың ішінде қызметкерлеріміз отыр оцифровкамен. Енді бұл ғимараттың таршылығына байланысты осындай условияда істеуге мәжбүрміз.
Мұрағатшылар құнды құжаттарды цифрлық форматқа көшіру үшін, әлі күнге қолмен сөгіп қайта түптейді. Себібі мұнда қажетті заманауи құрылғы жетіспейді.
Николай Давискиба, мұрағатшы:
- Менің қолымда 1909 жылға құжат. Бұларды қазір сөгу мүмкін емес. Сонымен қоса мынадай ерекше форматтағы құжаттар бар. Көлемі А3 форматынан үлкен. Ал біз қолданып жүрген планшеттік сканерлерге сыймайды. Сондықтан бөлшектеп сканерлеуге тура келеді. Құжаттарды құртпай сол күйінде көшіру үшін бізге, планетарлық сканер аса қажет.
Жаңа мұрағат салу үшін 2014 жылы жобалық сметалық құжат жасалған. Бірақ уақытылы қаржы бөлінбей, құжат жарасыз болып қалды. Енді міне биыл қазынадан 337 миллион теңге бөлініп мәселе шешімін таппақ. Қазір аудан орталығында 200 мың бірлік құжатты сақтауға арналған мұрағаттың құрылысы жүріп жатыр.
Бақыт Сахатов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл енді заманауи бүткіл Жамбыл облысында, сосын Қазақстанда да бұндай ғимарат жоқ деп ойлаймыз. Ашылатын ғимарат. Ерекшелігі үлкен біріншіден көлемі үлкен. Ішінде заманауи лифты бар. Одан кейін стилаждарының өздерінің аяқтарында передвижной дейміз ғой, дөңгелектерімен болады.
Айта кетерлігі биыл Қордай ауданында құрылыс жұмыстарына «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 2,9 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 3 ауылға мәдениет үйлері салынып жатыр. Әкімдік өкілдері келер жылы да дәл осындай 3 нысанның салынатынын мәлімдеді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә