Көкшетаулық өрт сөндірушілерге баспана беріледі
Көкшетаулық өрт сөндірушілерге жүз пәтерлі үй беріледі.
Нысанның құрылысы келер жылы аяқталады. Пәтерлер баспана кезегінде тұрған құтқарушылар мен жас отбасыларға үлестіріледі. Қазір осы санаттағы өрт сөндірушілер уақытша қызметтік баспанаға орналастырылды.
Дәуренбек пен Дамира жақында отау құрған өрт сөндірушілер. Отағасы аға өрт сөндірушісі болса, жұбайы бөлім операторы. Қазір жас отбасы қызметтік жатақханада тұрады. Олардың басты арманы - баспана алу.
Дамира Мусина, №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:
- Әрине, баспаналы болуды қалаймын. Қазір сол үшін еңбек етіп жатырмыз. Қызметіміз оңай емес. Үнемі телефонда отырып, қоңырау мен дабылдарды қабылдаймын.
Өрт сөндіруші болу – үлкен жауапкершілік. Әсіресе қызыл жалынның ішінен адам өмірін арашалау басты мақсатымыз, - дейді Дәуренбек Мүкешев. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес өрт сөндірушілердің жалақысы көтерілді. Қазір аймақтағы құтқарушылардың орташа еңбекақысы 300 мың теңгеге жетеді.
Дәуренбек Мүкешев, № 11 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі:
- Мен бала кезімнен осы салада жұмыс істеуді армандадым. Осы саладағы еңбек өтілім жеті жылға жетті. Бастапқы кезде 120 мың теңге алатынмын. Қазіргі еңбекақым 250 мың теңгеден асады.
Данияр Смайылов, ТЖД басқармасының бастығы:
- Жалпы жұмысқа жақында қабылданған жас мамандардың еңбекақысы 180 мың теңгеден басталады. Бұдан бөлек, бізде өрт сөндіру кезінде негізгі жұмыстарды атқаратын өрт сөндірушілер және басқа да авариялық-құтқару шараларына қатысатын мамандар бар. Олардың жалақысына қосымша 10 процент үстемақы төленеді.
Осылайша жыл сайын мемлекет тарапынан өрт сөндірушілерді қолдау шаралары артып келеді. Өз кезегінде бұл осы салаға бет бұрған жастардың көбеюіне ықпал етті. Мысалы биыл аймақтағы өрт сөндіру бөлімдеріне 120 адам қабылданды. Ал келер жылы ақмолалық 100 өрт сөндіруші қоныс тойын тойлайды. Шаһардың жаңа ауданында тұрғызылатын үйдің құрылысына жеке инвестор ат салысып жатыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный