Қостанайда әуенді субұрқақ ашылды

Қостанайда түрлі-түсті шамдармен әрленген, әуенді субұрқақ ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала келбетіне сән берген жаңа нысан орталық саябақта орналасқан. Түн жарымына қарамастан оны іске қосу сәтін тамашалауға қарақұрым халық жиналды. Музыка ырғағымен түрлі түске бояла аспанға шапшыған судың керемет көрінісіне біздің тілшіміз де көзайым болып қайтты.

Аттракцион, ойын сауық құралдарымен жабдықталған Қостанайдағы орталық саябақ – жұртшылықтың сүйікті демалыс орындарының бірі. Сондықтан ерекше субұрқақтың осы жерде пайда болуы – заңдылық. Осы құрылысты жүргізген мердігер бұл нысанның жоғары талғаммен салынғандығын айтады. Тіпті әуен таңдауға да аса мән берілген.  

Эдруард Петушко, мердігер:

- 20 әуен іріктеліп алынды. Ұлттық музыка, классика, заманауи саз кезектесіп отыратындай 3 топтама жасалды. Одан тағы бір жинақ жасаймыз. Мезі қылмайтындай, халықтың әр бөлігінің көңілінен шығатындай композиция құрастыруға тырыстық. Мұндай көпәуенді субұрқақ басқа жерде жоқ.

Міне, осындай керемет көрініске куә болған жұршылықтың көңілі шат.

Жанерке Елеусізова, қала тұрғыны:

- Субұрқақтың ашылуына отбасымызбен, балаларымызбен келіп отырмыз. Өте қуаныштымыз. Қаламызда бұрын-соңды бұндай әуенді субұрқақ болмаған.

Жантөре Ысқақов, қала тұрғыны:

-Көптен бері күткен бүгінгі музыкалы фонтанға қуаныштымыз. Соңғы уақытта қаламыз алға басып жатыр. Ел келіп, отбасымен сондай әдемі жер болады деп ойлаймын.

Осы субұқақты салуға бюджеттен 130 миллион тенгеге жуық қаржы бөлінген. 350 бүріккіштен, сонашалықты жарық шамнан тұратын тұтас жүйе  автоматандырылған орталықтан басқарылады.

Данияр Сәбитов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бұның бір ыңғайлы тұсы, субұрқақтың өзінің тазарту функциясы бар. Яғни, қажет кезінде толтырып немесе ағызып отырады. Тасымалдап әуре болмайсың. Мұны басты артықшылығы – осы.

Биыл Қостанайда 6 субұрқақ қайта жасақталды. Қазір соның төртеуі жұмыс істеп тұр. Жақын арада қалғандары іске қосылады. Келер жылы да қаладағы субұрқақтардың біразын күрдерлі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров.