Таразда кәріз суын тазалайтын кешен салынады
Таразда апатты жағдайда жұмыс істеп тұрған кәріз жүйесінің мәселесі шешіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шаһарда шайынды суларды тазартатын жоба құрылысы 2025 жылы басталады. Бұл туралы Әлихан Смайыловтың Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Үкімет басшысы шаруалармен кездесіп, қуаңшылықтан зардап шеккен егіс алқаптары өтелетінін жеткізді. Аймақтағы су арналарының жайымен де танысты.
Мерей Бает, тілші:
- Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында Тараз қаласының кәріз сулары жинақталатын осы бір кешенмен де танысты. Нысан 1962 жылы пайдалануға берілген. Мұндағы 92 сүзгі картасы қазір апатты жағдайда. Толып кеткен. Сондықтан жергілікті билік мәселені шешу үшін 20 гектар алқапты қосымша ашқан болатын. Деседе бұл уақытша ғана шешім болып тұр. Сондықтан кәріз суларын тазартатын жаңа кешен салу кезек күттірмейтін жұмыс болып тұр.
Аумағы 217 гектар шайынды суларды тазартатын алаң әбден толған. Қалдық су ауаны ластап қоймай, жерасты суына да жетуге жақын. Талай жыл бойы айтылып келген бұл проблема алдағы жылдары шешіледі. Алғашқы зерттеу жұмыстарына 340 мың еуро бөлініп отыр. Премьер-министр бұл жобаның техникалық құжаттамасын жыл соңына дейін әзірлеп, құрылысын кешіктірмей бастау керектігін айтты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазір сіздер жоспарлап жатқан жүйе оның қуаттылығы суткасына 100 мың текше метр болады. Ол мен ойлаймын жақын арадағы уақытқа Тараз қаласына жеткілікті болады қуаттылығы. Енді тиісті техникалық құжаттаманы жылдың аяғына дейін тездетіп бітіріп, келесі жылдың аяғында құрылыс жұмысарын бастаумыз керек қой.
Әлихан Смайылов су каналдарын қайта жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қоса су тапшылығының алдын алу үшін аймақта 14 су қоймасының салынатынын мәлімдеді. Оның үшеуі республикалық бюджеттен, 11-і жергілікті қазынадан қаржыландырылады. Шаруалармен кездескен Үкімет басшысы су үнемдеу технологиялары мен ұңғымаларға субсидияның артатынын айтты. Яғни, алқабына ұңғыма қазған қожалықтарға шыққан қаржының 80%-і республикалық және жергілікті қазынадан субсидияланады. Әлихан Смайылов қуаңшылықтан алқабы қураған диқандарға көмек берілетінін жеткізді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Ведомствоаралық комиссияны жібергенбіз осында. Олар 3-4 аудандарды аралап, көрді өз көздерімен растады. Сондықтан біз Үкімет, мемлекет тарапынан беретін көмегіміз – солардың шығындарын өтеп беру. Биыл. Сондай шешім қабылдадық. Енді Үкіметтің резервінен осы тамыз айының аяғына дейін әкімдік барлық есептерді реттейді. Үкіметке енгізеді. Сонымен ойлаймын, қыркүйектің ішінде әкімдікке аударамыз ақшаны. Әкімдік зардап шеккен қожалықтарға таратады.
Премьер-министр биыл пайдалануға берілген жаңа онкологиялық орталыққа барды. Медициналық мекеме соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Ем іздеген науқастар енді Астанаға бармай-ақ осы ауруханадан қызмет алады. Жұмыс-сапар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты жиынмен түйінделді.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.