Семейде Жедел жәрдем дәрігерлерінің спартакиадасы өтіп жатыр
Семейде Жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек бригадаларының республикалық спартакиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
2 күнге созылатын сайысқа елдің түкпір-түкпірінен 20 команда қатысып жатыр. Олар жедел коронарлық синдром, полижарақат, жаңа туған нәрестені реанимациялау, үйде босандыру және шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша сынға түседі.
Нұрбол Машарипов Ақтау қаласындағы жедел жәрдем қызметінде еңбек етеді. Осы мекемеде жұмыс істегеніне 12 жылға жуықтаған маман спартакиадаға алғаш рет келіп отыр.
Нұрбол Машарипов, Ақтау қалалық жедел жәрдем қызметінің фельдшері:
- Ең алғашқы көмек көрсету қызметі оңай емес. Сондықтан енді сайысқа қатысып жатқан мамандардың бәрі де өз ісінің шеберлері деп айтсақ болады.
Ақерке Әбдіразақ, Қарағанды облысы жедел медициналық көмек стансасының дәрігері:
- Білімімізді жаңартамыз. Себебі медицина бір орында тұрған жоқ. Әр жыл сайын жаңалықтар еніп жатыр. Көмек көрсету алгоритмдерінде өзгеріс болып жатыр. Өзіміз үйрегенді әріптестерімізбен бөлісеміз.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Абай облысы әкімдігі бірлесе ұйымдастырған спартакиадаға қатысушы командалардың саны биыл жылдағыдан көп. Сайысқа келушілерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов құттықтап, сәттілік тіледі.
Тимур Мұратов, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
- Биыл осыны өткізу жаңадан ашылған Абай облысына, Семей өңіріне, ұлы һәкім Абайдың 178 жылдық туған күніне тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай киелі жерде өтіп жатқанына. Бір жағынан, жаңадан ашылған облысты көрсету, таныту. Екінші жағынан, осы жердегі медициналық көмектің деңгейін жоғары деңгейге көтеру ниетіміз бар.
Спартакиадаға қатысушылар шұғыл көмек көрсету бойынша бірнеше клиникалық станциядан өтеді. Бригадалардың жұмысын медицина саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.