Қостанайлық зейнеткер зообақ ұстап отыр
Қостанайлық зейнеткер зообақ ұстап, аң-құспен, жәндіктің бірнеше түрін бағып отыр.
Бұл жер жұртшылық, әсіресе балалар үшін әлдеқашан сүйікті орынға айналған.
Александр Хорошунов бұл үшін ешкімнен ақы алмайды. Жертөледегі зообақтың шығынын амалдап өзі көтереді. Отыз жылдан бергі тірлігі осы.
Александр Хорошунов отыз жылдан астам қаладан ұзап шыққан емес. Бағылымындағы аң-құстарды қараусыз қалдырғысы келмейді. Бүгінде олардың саны жүзден асқан. Бұл жер адам аяғынан босамайды. Соңғы жылдары тіпті ұжым болып келушілер жиілген.
Александр Хорошунов, қала тұрғыны:
- Есту, көру қабылеті нашар интернат тәрбиеленушілері келіп тұрады. Олар осында бір-бірімен сөйлесіп үйренеді. Мүгедектер қоғамының да өкілдері бізде жиі қонақта болады. Ондай жандарға зоотерапияның әсері мол. Біз кім-кімді де қарсы алуға дайынбыз.
Иа, зооклубтың есігі қашанда ашық. Кіру тегін. Қызықтап келушілердің дені балалар. Үй астындағы зообаққа ересектер де бас сұғып тұрады. Олег Говорухин жұмыстан бос уақытының басым бөлігін осы жертөледе өткізеді. Жануарлар күтіміне көмектеседі.
Анатолий Мартыненко, қала тұрғыны:
- Әсіресе балалар үшін қызық. Рас іші тарлау, бірақ оны қомсынып жатқан жоқпыз. Немерем осы жерге келгенше асық. Сырт көз байқай бермейді, ал шындығында осыншама жануарды бағып, күту оңай емес.
Жануарлардың бірқатарын Александр Хорошунов өз ақшасына сатып алған.Арасында иелері бас тартқандары бар. Мысалы Арчи деп аталатын тропикалық ірі жыланды шетелдік цирк ұжымы қалдырып кеткен. Қазір ол 12 жаста, ұзындығы 3 метрден асады. Болашақта 8 метрге дейін жетуі мүмкін. Бірақ Арчидің бір тиімділігі тамақсау емес. Қырық күнде бір азық берсең болғаны. Ал қалғандарын күніне екі мезгіл тамақтандыру қажет. Александр Хорошунов зейнетақысының бір бөлігін жануарлар азығына жұмсайды.
Александр Хорошунов, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Әрқайсысының өз азығы бар. Оны сатып алуға айына шамамен 25-30 мың тенге шығарам. Рас, көкеніс, жеміспен КЖБИ шағын ауданының тұрғындары көмектесіп тұрады.
Александра Хорошунова отыз жыл бұрын Қостанайда зообақ ашқысы келген. Ұсынысы қолдау таппады. Ендігі арманы кеңірек ғимарат болса дейді. Бірақ оның жалдау ақысыны төлеуге шамасы жоқ.
Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров