Жетісу облысында суды сору және батпақтан аршу жұмыстары жүріп жатыр

Кешегі жаңбырда Жетісу облысындағы Ешкіөлмес және Абай ауылдарында 120 үйдің ауласын лай басқан.

21 үйге су кірген. Қазір бұл аумақтарда су сору, батпақтан аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эвакуацияланған 30 адамның жартысы үйіне оралды. Жапа шеккендерге тиісті деңгейде көмек көрсетіледі, - дейді облыс әкімі.

Ешкіөлмес ауылындағы Ерзат Серғазының үйін ең бірінші болып су шайып кетті. Оның баспанасына қарап таудан келген тасқынның биіктігін байқауға болады. Ал екпіні қираған қоршауынан-ақ көрініп тұр. 

Ерзат Серғазы, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:

-Ештеңе жоқ. Қорғамыз құлап қалды. Үйіміздің іші быт шыт. Толып қалды бәрі.

Туыстарының үйіне түнеп шыққан Гүлнәз Қасымбекованың отбасы таңнан бері баспаналарын тазалап жүр. Дүние мүлкін реттеп күн жылы да кептіріп алмақ. Олар енді су басқан үйдің іргетасы үгітіліп кете ме деп алаңдайды.  

Гүлнәз Қасымбекова, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:

-Үйдің іші болота сасиды. Ертең біз балаларымызбен ауырамыз ғой. Жоғарыдағылардан сұраймыз. Бізге үй берсін. Мына үйде тұра алмаймыз.

Төтенше жағдай саласындағылардың айтуынша кеше шамамен бір айлық мөлшердегі жауын жауған. Соның салдарынан Қусақ өзені арнасынан асып, Ешкіөлмес ауылындағы алты көшенің бойымен аққан. Ал Абай ауылына жаңбыр суы сай саламен келген.  

Қанат Алтынбеков, ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

-Екі ауыл бойынша 120 аулаға су кірді. Соның ішінде жиырма бір үйдің ішіне су кірді. Қазіргі кезде комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Әр үйді аралап келген материалды шығынды анықтауда.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

-Су басқан ауылдарда қазір апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. ТЖД мәліметінше бұған үш жүзге жуық адам. Қырықтан аса техника жұмылдырылған.

Кешелі бері мамандар қырық шақты ауланың суын сорғызып, балшықтан тазартқан. 450 метрлік арық жүйесін тереңдеткен. Атқарылған жұмыспен танысқан облыс әкімі зардап шеккен тұрғындармен тілдесті. Көпшілік өңір басшысына қордаланған мәселелерді жеткізді.  

-Осыдан жеті сегіз жыл бұрын также арықтың бергі жағын жапты. На этом точка. Мектеп жоқ. Детсад жоқ. Газ Текеліге өтті газ бізге неге жүргізілмейді. Жолдың түрі анау. 

Келер жылы ауылда 200 орындық мектеп құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталады. Табиғи газ да сол кезге дейін тартылады. Ал жол салуға қаражат қарастырылып, конкурс өткізілген. Бірақ оның қорытындысымен келіспеген мердігерлер шағым түсірді. Сол себепті іс басталмай тұр, деді облыс әкімі. Соған қарамастан қара күзге дейін екі көшеге асфальт төселіп, тұрғындарға тиісті көмек жасалады.   

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:

-Қандай көмек керек, қандай мөлшерде. Қанша уақытта қалай жасаймыз, соның бәрін анықтаймыз. Облыс бюджетінде бұндай жағдайларға ақша бөлінген. Қаражатымыз бар, техникамыз бар. Аз ғана уақыттың ішінде барлық көмекті көрсететін боламыз.

Кешегі жаңбырдан соң Ескелді ауданында жағдай тұрақталды. Сөндірілген электр жарығы қайта берілді. Енді екі ауылдың сыртындағы арық атыздар тереңдетіліп, сақтық шаралары күшейтілмек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев