Алматыда арық жүйесі қашан реттеледі?
Алматыда арық жүйесі әлі реттелмеді.
Жауын жауса қала көшелерін су басады. Жергілікті билік қалада арықты көбейтіп жатырмыз дейді. Мәселе қашан шешіледі?
2 күн бұрыңғы нөсер жауынның салдары әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Көшелер көл болып, арық пен коллектор аузы-мұрынынан шықты. Суға батқан көліктер сыр беріп, жаяулардың тізесіне дейін жетті. Мұндай жағдайдың жиілеп кетуі арық пен жауын суына арналған құбыр жүйесінің дұрыс жасалмауына тікелей байланысты, дейді архитектор.
Жанна Спунер, архитектор, урбанист:
- Жәй күндері сусыз тұратын, арнайы жауын суларына арналған арықтар бар. Бұл дұрыс емес. Қаладағы кәріз, арық және жауын суларына арналған жүйелер бір-бірімен араласып кетті. Қазір қала билігі мәселені жеңілдетеміз, деп жауын суына арналған құбырды арықтарға қосып тастады. Осыдан кейін көшелер көл болып жатыр.
Өткен сенбі күні қалада бір айлық нормадан асатын жауын жауды. Соның салдарынан 53 аумақта су жиналып, көліктер мен адамдардың жүруі қиындаған. Әкімдік өкілінің айтуынша, қала бойынша 102 су басу аумағы бар. Соның басым бөлігі жыл соңына дейін реттеледі екен.
Еркебұлан Омарбек, Экология және қоршаған орта басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Аймақтың су басу қаупін алдын алу жұмыстары аяқталып, 13 коллектор мен су бұру 3 каналында тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қосымша 6 коллектор мен 5 канал салынған болатын. Қала тұрғындары болса, жауын суының көшеге жайылып кетуі біріншіден арықтардың тазаланбауынан дейді. Оған қоса кейбір аудандарда арық жүйесі әлі жеткіліксіз.
БЛИЦ:
- Арық тазаланбағаны көрінді, біздің әкімдіктің дұрыс жұмыс жасамайтындығы көрінді. Алматының күзге дайындалу керек екенін көрсетті. Алдымызда жаңбырлар уақыты келе жатыр.
- Жаңа салынып жатқан аудандарда арық жүйесі қарастырылмаған. Арық жоқ көшелер көп екенін көріп жүрміз. Жол салынатын кезде жоспарланса мәселе болмайды.
2024 жылдың соңына дейін 276 шақырым арық желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 100 шақырым жаңа арық желісі салынбақ. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев, Валентин Лобанов