Маңғыстау облысында қазақ-өзбек жауынгерлері бірлесіп жаттығу өткізді
Маңғыстау облысында қазақ-өзбек жауынгерлері бірлескен жедел тактикалық жаттығу өтті.
Бұл, «Қанжар-2023» бағдарламасының екінші кезеңі. Шара аясында әлем елдерінде есірткі және қару-жарақ тасымалымен шұғылданған содырлар базасы жойылды. Осылайша, әскерилер аптап ыстық пен шаңды дауыл жағдайында ұрыс тәсілдерін пысықтады. Авиация, броньды техникалардың қолдауымен өткен арнайы жаттығуды қос елдің қорғаныс министрлері бақылады.
Бағдарлама жоспарына сәйкес ұшқышсыз ұшу аппараттары Маңғыстау өңірінің Өзбекстанмен шектесетін шекара бөлігінде содырлар базасын анықтады. Арнайы жасақ әлгі аумаққа вертолетпен жетті. Террористік топ бекінген жерге парашютпен түсіп, заңсыз қарулы құрылымдарды жоюға кірісті.
Бердімұрат Абибуллаев, №25744 әскери бөлімінің командирі:
- Бұл оқу-жаттығудың мақсаты - біздң еліміздің шекарасындағы заңсыз қаруланған топты бірігіп іс-қимыл ете отырып, олардың күшін жою. Және бұл жерде бір-бірімізбен тәжірибе алмасу.
Содырлар тобы орналасқан база қоршалған соң, жаяу әскер армиялық авиация және броньды машиналардың қолдауымен шабуылға шықты. Көше ұрысына дағдыланған жауынгерлер қарсыластың қашып құтылуына мүмкіндік бермеді. Ғимараттардың әр қабаты мұқият тексеріліп, есірткі мен оқ-дәрі қоры тәркіленді.
Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі (Өзбекстан):
- Екі елдің қарулы күштері шекарада алмағайып террористік қатер туындаған жағдайда бірлесе әрекет етудің бірыңғай алгоритмін әзірледі. Жалпы бұл шара Орталық Азия өңірінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Мейлінше шынайы жағдайда өткен жаттығуда содырлармен түнгі мезгілде шайқас тәсілдері де пысықталды. Танктер, артиллериялық және зениттік кешендер жау шебіне оқ жаудырды. Командалық-штабтық оқу шарасының алғашқы кезеңі 2 апта бұрын Өзбекстанда өткен болатын. Ақтаудағы «Оймаша» полигонында жалғасқан ұрыс қимылдарына бауырлас мемлекеттердің қорғаныс министрлері жоғары баға берді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев