Елде 154 мектептің құрылысы жүріп жатыр

Биыл 3 миллион 900 мыңдай оқушы сабаққа барады.

Елде 154 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның 52-сі Білім күні ашылуға тиіс.Бірақ, кейбірінің құрылысы оған дейін аяқталмай қалу қаупі бар. Премьер-Министр оқу жылына дайындықты пысықтауға арналған Үкімет отырысында осы мәселені басты назарда ұстауды тапсырды.

Бір қуанатыны биыл барлық бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін тамақтанады. Сонымен қатар балабақшаларда аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мың балаға да тамақ тегін.

Кей өңірлер жаңа мектепті қолданысқа беру мерзімін кешіктіріп жатыр. Жауаптылар бұл мердігерлердің жауапсыздығы дейді. Салдарынан 1 қыркүйекте ашылуы жоспарланған 15 білім ордасы бұл қуанышты уақытылы тойламауы мүмкін. Сонымен қатар, 14 мектептегі жөндеу жұмыстары әлі аяқталар емес. Жалпы, жаңа оқу жылы қарсаңында 260 орта мектепте күрделі жөндеу жүріп жатыр.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- 1 қыркүйекке дейін 194 нысанды тапсыру жоспарланған. Ал қалған 66 мектептерді жөндеу жұмыстары өз мерзімінде аяқталады. Дегенмен, министрліктің жүргізген мониторингі шеңберінде Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу мерзімнің бұзылу тәуекелдері анықталып отыр.

Жыл соңына дейін тағы 102 мектептің іске қосылуы апатты жағдайдағы 12 және үш ауысымды 29 білім ошағының мәселесін шешуге тиіс.

Әлихан Смайылов, Қр Премьер-Министрі:

- Жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүр. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ бұнда да жұмыстардың уақытылы аяқталмай қалу қаупі бар. Нормаға сәйкес барлық құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылының басталуынан екі апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу иісі жоқ сыныптарға келуі тиіс.

Премьер-Министр білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға жол бермеу керек, - деді. Айтуынша, бүгінде олардың барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді.

Мектептердің 30 пайыздан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған.

Марат Қожаев – ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Білім беру ұйымдарының бейнебақылау камералары мен жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдерге қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда осы жұмыс мектептердің 83%-да аяқталды. Нашар жағдай Алматыда 50%, Атырау 70% және Қарағанды облысында 74%.

 

Сонымен, 1 қыркүйекте 3 млн 900 мың бала мектепке барады. Оның 364 мыңы партаға алғаш отырады. Жыл сайынғы әлеуметтік көмек мәселесі де назарда. Биыл аз қамтылған отбасылар мектеп киімі мен кеңсе тауарларын алу үшін 1 балаға 40 мың теңгеден қаржылай қолдау алады.

Авторлары: Рухани Асқар, Ербол Дайыров, Арман Ақшабаев