Шымкентте балалар лагерінде заңбұзушылыққа жол берілген
Шымкент қаласындағы қос бірдей жазғы сауықтару лагері заңнама талаптарын өрескел бұзған.
Қала прокуратурасының мәлімдеуінше балалардың демалысын ұйымдастыру мекемелері санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп, қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Тексеру кезінде олардың бірі 220 баланың орнына 310 оқушы орналастырған. «Яғни бір балаға арналған 4 шаршы метр, небәрі 2,8 шаршы метрге қысқарған. Сондай-ақ, медициналық қызметтерді біліктілігі жоқ адамдар көрсеткен, емдеу кабинеттері де талапқа сай болмай шықты. Тіпті алғашқы медициналық көмек үшін берілетін тиісті дәрі-дәрмектер қарастырылмаған», - дейді прокурорлар.
Рауан Оспанов, қала прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
- Қала аумағында орналасқан лагерлерде атап айтқанда өртке, санитарлық талаптардың орындалмауы, бейнебақылау камераларының жоқтығы, лагердегі қызметкерлердің еңбек шартынсыз жұмыс істеуі сияқты көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Қазіргі таңда уәкілетті мемлекеттік органдарға қала прокуратурасы осы заң бұзушылықтарды жою бойынша қадағалау АКТ енгізді.
Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Ата-аналардың, қоғам белсенділерінің тарапынан арнайы комиссиялар құрылып осы балалардың көңіл күйлері, оларға жасалған жағдайлар қадағалауға алынған. Бірең-сараң кемшіліктер осы зерделеу барысында анықталды. Ол бойынша лагерлердің игелеріне, жеке кәсіпкерлерге талаптарды жедел арада қалпына келтіру туралы талаптар қойылған болатын.