Өзбекстан трансшекаралық өзен проблемасын көпжақты әріптестік аясында реттеуді ұсынады
Әмудария мен Сырдария бойындағы экологиялық ахуалды жақсарту әрі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін қосымша 40 текше шақырым су қажет.
Алайда екі өзеннің бастауындағы тау мұздықтарының азаюы бұған еш мүмкіндік бермей отыр. Мәселені тек жауын-шашынды көбейту немесе Сібір суын оңтүстікке бұру арқылы шешуге болады. Мұндай бастаманы өзбекстандық экологтар көтерді. Көршіміз трансшекаралық өзен проблемасын көпжақты әріптестік аясында реттеуді ұсынады.
Өзбекстан Сырдария, Әмудария және Зарафшан трансшекаралық өзендері арқылы келетін суға 80 пайыз тәуелді. Қалған қажеттілігін жерасты ресурстар арқылы өтейді. Мұндай деректі өзбекстандық экологтар айтып отыр. Қазіргі қоршаған орта мәселелері тау мұздықтарының жылдам еруі және жауын-шашынның сиреуіне әкеп соқты. Салдарынан аймақта тіршілік нәрі біркелкі мөлшерде бөлінбейді.
Вадим Соколов, Халықаралық аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі:
- Орталық Азияда Әмудария мен Сырдария бассейні аумағындағы суармалы жердің көлемі 8 млн гектарға жетеді. Соның басым бөлігі Өзбекстан мен Түрікменстанға тиесілі. Біз екі өзеннен жылына 53 текше шақырым су тұтынып отырмыз. 90-шы жылдары бұл меже 60-қа таяған. Бірақ үнемдеу технологиялары арқылы көрсеткішті осы күні біраз төмендеттік.
Мәселені қиындатып отырған тағы бір жайт, трансшекаралық өзен суын пайдалану және сақтау жөніндегі Біріккен Ұлттар ұйымының келісімі Орталық Азияда еш орындалып жатқан жоқ. Тіпті өзеннің жоғарғы ағысындағы Тәжікстан мен Қырғызстан құжатты мақұлдамаған. Түрікменстан болса, Әмудария бойындағы тіршілік нәрін аса ірі мөлшерде егінге пайдаланады. Ондағы суармалы жер көлемі Өзбекстаннан екі есе көп. Соның да салдарынан төменгі ағыстағы Аралға баратын ресурс нормадан бірнеше есе аз.
Вадим Соколов, Халықаралық аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жоба жетекшісі:
- Әмудария бойынша Ауғанстан халықаралық келісімдерге қосылмай отыр. Трансшекаралық өзенді олар да өздігінше пайдаланады. Белгілі бір мөлшерде тіршілік нәрін бұрып алады. Қазір Аралға байланысты айтар болсам, Өзбекстан аумағындағы айдынға қажетті судың тек 50 пайыз барып жатыр. Жол бойы ресурс барлық тараптың қажеттілігіне қолданылады.
Ендігі жерде, Өзбекстан мен Қазақстан бірлесіп, Орталық Азияда су ресурстарын үнемдеп пайдалану әрі сақтау жөніндегі ортақ келісім жасауды жөн көреді. Жаңа құжат барлық тарапқа біркелкі жауапкершілік жүктеуге тиіс. Сібір суын оңтүстікке бұру да күн тәртібінен түскен емес. Одан бөлек, Тәжікстан мен Қырғызстан аумағындағы тау мұздықтарын жауынның әсерімен көбейту мүмкіндігі қаралып жатыр. Айта кетейік, бұл әзірге экологтар мен сарапшылардың өзара болжамынан туған ұсыныс. Қай-қайсын да жүзеге асыру қыруар қаржы мен қажырлы қайратты талап етеді.
Авторы: Рауан Мыңбаев