Шымкентте вирустан қорғайтын дәрі сынақтан өткізілді
Шымкентте иммунтапшылығы вирусынан қорғайтын препарат сынақтан сәтті өтті.
Бойында вирусы бар жанның жұбы бір ғана таблетканы тұрақты ішіп отырса, ауру жұқтырмайды. Дәрігерлер антивирустық препаратты алғаш рет 2021 жылы тәжірибе ретінде қолданып көрген. Содан бері вирусты жаңадан жұқтыру дерегі тыйылды. Жалпы Шымкентте иммун тапшылығы вирусымен 2 мыңға жуық адам есепте тұр. Биыл оның бес жүзден астамына мемлекет бюджеті есебінен дәрі сатып алынды. Алайда дәрігерлерді науқастардың өз бетінше тексеруден өтіп, алдын – алу шараларына немқұрайлы қарайтыны алаңдатып отыр.
Қожахмет Маширов, қалалық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
- Бірінші дәрігер бағалау жүргізеді. Одан кейін ол кісіге медициналық карта ашылып, алдын-ала АИТВ, вирустық гепатиттерге, қанның биохимиялық талдауына зертханалық талдау жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша препараттар беріледі. Бұл препарат таблетка түрінде, күніне бір рет қолдануға арналған.