Қайырымдылық қоры облыстың дамуына үлес қоспақ

«Халық» қайырымдылық қоры Маңғыстау облысының әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қоспақ.

Облыс әкімдігі мен қор 4 млрд теңгеден астам сомаға ынтымақтастық туралы 3 меморандумға қол қойды. Бұл қаражат Жаңаөзенде дене шынықтыру орталығы мен 20 спорт алаңын, Ақшұқыр ауылында суды тұщыландыру зауытын салуға және Бейнеудегі астық терминалының жұмысын қалпына келтіруге бағытталады.

Ақшұқыр мен Саин Шапағатов ауылының тұрғындарына берілетін су мөлшері жетпей жатады. Мұнда тәулігіне 5 мың текше метрге жуық су қажет. Осыны ескерген «Халық» қайырымдылық қоры ауылға тәулігіне 4 мың текше метр суды тұщыландыру зауытын салып бермек. Жағымды жаңалықты естіген  тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Талшын Мақсұтқызы, ауыл тұрғыны:
- Жеміс-жидектеріміз өсіп, ауылдың іші суға қуанып жатыр. Әліде келмеген жерлер бар. Азаматтар жеткіземіз деп жатыр. Шіліңгір шілдеде су жетіспеген деген қиын. «Халық» қайырымдылық қорына алғысымды білдіргім келеді.

Қайырымдылық қоры өңірдегі су мәселесін шешіп қана қоймай, 20 спорт орталығын салуға да қаржы құймақ. Құрылыс жұмыстарына 150 жергілікті тұрғын тартылады. «Ал нысан іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», - дейді жауаптылар.

Нариман Әбілшайықов, «Халық» қайырымдылық қорының атқарушы директоры:
- Тұщты судан тұзды ажырату мәселесіне қатысты зауыт салайын деп жатырмыз. Оған 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Аталмыш жобаны халық қоры қолдап отыр. Көптеген меморандумдарға қол қойылды. Жаңаөзен, Бейне, Түпқараған аудандарында 5 әлеуметтік жоба іске асырайық деп жатырмыз.

Сондай-ақ, қор Бейнеудегі астық терминалын қайта жандандыруға атсалысты. 5 жылдан бері жұмысы тұралап қалған терминалды қайта іске қосу үшін қордан  1,8 млрд теңге бөлінеді. Нәтижесінде өңір халқы  ұн мен жемнен таршылық көрмейді. Әрі кәсіпорынның жұмысы жанданған кезде, өнім Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады. 

Авторы: Айнұр Қуатқызы