«Қазақстан» шахтасында бір кенші қаза тапты

Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында болған өрт салдарынан бір кенші қаза тапты.

Жер астында қалған төртеуі әлі іздестіріліп жатыр. 222 кенші аман есен шығарылды. Оның алтауы ауруханаға жатқызылды. Оқыс оқиға бойынша жедел штаб құрылған.

Төтенше жағдай туралы ақпарат диспетчерге таңертең сағат 9:30-да түскен. Кейін бірден құтқарушылар шақыртылады. Белгілі болғандай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртенген. Будақтаған қою қара түтіннен жер астындағы мамандарды бірден алып шығу қиынға соғыпты. 

Виктор Гафиулов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры:
- Аварияны жою бойынша жұмыс жоспары қабылданды. Позициялау жүйесі әр жұмысшыға оқиға орнынан жедел кету туралы сигнал берген. Қазіргі уақытта іздеу жұмыстарына 10 бөлім қатысуда. Негізі ол жерде отпен жұмыс жүргізілмеген. Оқиғаның неден шыққаны әзірге белгісіз.  

Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:
- 222 кенші жер үстіне шығарылды. Құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа штаб өткіздік, сол жерде топты басқарған басшы бізге баяндама жасады. Қазір жұмыстарын жасап жатыр. 

Қазір жедел штаб құрылып, іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар «кеншілерде өзін-өзі құтқару құрылғысы болған», - дейді. Бірақ ондағы ауа шамамен 5 сағатқа ғана жетеді екен. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Құтқарушылардың сөзінше қазір жер астындағы кеншілерді іздеу жұмыстарына қою қара түтін орасан-зор кедергі келтіріп отыр. Сондықтан ең бірінші түтінді тарқатып, содан кейін іздеу жұмыстарын күшейте түспек.

Андрей Лукин, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының техникалық инспекторы:
- Ол жерде өрт болып жатыр. Оқиға орнына бару мүмкін емес. Конвейердің тұтануына әдетте қатты үйкеліс себеп болып жатады. Бірақ әзірге нақты белгісіз. Қазір кеніштегі жұмыс толық тоқтатылған.

Дәрігерлерге қаралған 13 кеншінің екеуі Шахтиснк қаласының аурухасына жатқызылса, тағы екеуі облыс орталығына жеткізілген. Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер кеншілердің қатты уланғанын айтады.

Сәуле Смағұлова, Қарағанды облысының бас штаттан тыс токсикологы:
- Жағдай бір қалыпты ауыр дәрежеде. 4 науқас Шахтинск орталық ауруханасына жеткізілді. Қабылдау бөлімінде дәрігерлер қарап, бірінші көмегін беріп, қазір біздің ауруханаға ауыстыруға кіріседі.    

Іздеу жұмыстарына кәсіби-авариялық құтқару қызметі тартылған. Апаттың нақты неден туындағаны алдағы уақытта анықталатын болады. Кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар