Оралдағы кеме зауытына қолдау қажет
Оралдағы еліміздегі бірден-бір кеме құрастыру зауытында 700-ден астам адам еңбек етеді.
Қазір аталған өндіріс ошағында алғаш рет көпбейінді су көлігі құрастырылып жатыр. Ол негізінен шекара қызметіне ауыр жүктерді тасымалдауға арналған. Кеме 2025 жылы дайын болады. Өндіріс орнында материал тапшылығы байқалып жатыр. Оған геосаяси жағдай әсер еткен. Сонымен қатар тапсырыс та азая бастапты. «Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен әріптестік байланыс орнатқымыз келеді», - дейді зауыт басшылары. Өйткені кәсіпорын түрлі су көліктерімен қатар, өзге де техникалық құрал-жабдықтар өндіруге қауқарлы. Оралға іссапармен барған Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Зенит» зауытының еңбек ұжымымен кездесті.
Алексей Солодовников, зауыт директорының бірінші орынбасары:
- Мемлекет тарапынан қорғаныс министрлігіне, шекара қызметіне қажетті мөлшерде қаржы бөлінсе екен дейміз. Бұған қоса аймақта ірі кен орындары бар. Оларға да қажетті тауарларды шығара аламыз. Ал олар шетелден алдыртып жатыр. Депутаттар осы жайтқа назар аударса екен.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Отандық өндірушілерімізге қажетті артықшылық берілмеген. Оны біз дұрыстап беруіміз керек. Меніңше, егер мынадай кеме шығару қолымыздан келсе, қандай мәселе болса да, біз шектемеуіміз керек және мұндай тендерлерді, келісімшарттарды оларға беруіміз керек. Әрбір контракт деген шетелге ақшаны шығармау. Ол ақшаны елімізге қайтару.