Жамбыл облысында шаруаларды субсидиялау 80% артады
Жамбыл облысы шаруаларының ұңғыма қазу шығындарын субсидиялау 80 процентке артады.
Бұған дейін қожалық жаратқан қаржының 50 проценті республикалық бюджеттен берілетін. Енді тағы қаражаттың 30 проценті жергілікті қазынадан қаралмақ. Бұл жайында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары мәлімдеді. Оның сөзінше аймақтағы диқандардың 70 пайызының жері 50 гектардан аспайды. Сондықтан шағын шаруашылықтарға ұңғыма қазу қымбатқа түсетін. Қазір аймақта 103 ұңғыма қазылған. Мамандар өңірде 1,7 миллиард текше метр жер асты суының қоры барын айтып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілмек. Сонымен қоса облыс билігі су шығындарын азайту үшін тез арада каналдарды бетондау жұмыстарына кіріспекші. Осы бағытта 56 жоба әзірлеген. Сонымен қоса 3 ірі және 11 шағын су қоймасының жобасы дайындалып жатыр. Қаржы бөлінсе құрылысы жедел басталады.
Қанатбек Мәдібеков, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
- Біз енді егістің көлемін азайтпаймыз. Өйткені су жетпейтін жерлерді тәліми жер ретінде пайдалануға болады біріншіден. Екіншіден, біз мынау тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиларына қатысты ынталандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Қазірдің өзінде 57 мың гектар жерде осындай су үнемдеу технологиясы пайдалануда. Ұңғымаларды қазған шаруалардың шығынын 80 пайызға дейін өтеп беру жөнінде қазір ереже қарастырылу үстінде.