Шетел автокөліктерін заңдастыру жалғасуда

Шетелдік көлік құралдарын қазақстандық есепке қою шарасы жалғасып жатыр.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары «интеграциялық базада көлік құралының кедендік тазартудан өткендігі туралы ақпараттар шықпай жатыр», - дейді. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кеден қызметтерінде кейбір мәліметтер дұрыс енгізілмеген. Соның салдарынан елге Одақ шеңберінен жеткізілген автокөліктерді тіркеу қиындық тудыруда. Бүгінде нақты деректерді алу жұмыстары жүріп жатыр.

Нұрлан Намысов, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі мемлекеттерден әкелінген автокөліктерге қатысты бізде жалпы кедендік дерекқорлар бар. Сол дерекқорлардан біз қараймыз. Сол елдерде кедендік тазартудан өткен болса, біз ол автокөліктерді кедендік тазартудан өткен деп растаймыз. Жалпы ол елдерден әкелінген автокөліктер біздің елде кедендік тазартудан өтуі қажет емес. Ал жаңағы үшінші елдерден Грузия, Моңғолия тағы басқа мемлекеттерден әкелінген көлік құралдары, бұларды біз осы жерде кедендік тазартуын тексереміз. Өтпеген жағдайда олар міндетті түрде кедендік тазартудан өтуі керек.

Айта кетейік, жуырда Ішкі істер министрлігінің өкілдері елде 9 мыңнан астам шетелдік көлік уақытша тіркелгенін хабарлады. Тағы осындай 19 мың өтінім рәсімнен өту үшін кезекте тұр. Уақытша тіркеуден өтер алдында темір тұлпар иелері кедендік баж салығын төлеуге міндетті.