Ұлытау облысында құбыр ұрлағандардың ісі сотқа жіберілді
Жезқазғанда 13 мың метрден астам құбыр ұрлады деген күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
Ол әуежай маңында орналасқан саяжайды сумен қамтамасыз етуге арналған. Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, келтірілген шығынның жалпы сомасы 288 миллион теңгеден асады. Қылмыстық әрекетін мемлекеттік мекеменің бұрынғы басшысы бір топ адаммен алдын ала сөз байласып жүзеге асырған. Қазір бұл іс сотқа жіберілді.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Ұрлау фактісін анықтау кезінде лауазымды тұлға аталған нысанның мемлекеттік органның балансында жоқтығы туралы жалған анықтамалар беріп, тергеуді қасақана жаңылыстырған. Қазіргі уақытта аталған азамат коммуналдық кәсіпорынның қызметкері емес. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.