Ақтөбеде жанар-жағармайға қатысты жағдай бақылауда

Ақтөбедегі автогаз құю станцияларында ұзынсонар кезек жойылмай тұр.

Көлік жүргізушілері отынның талонмен берілетінін айтады. Ауылдағы шаруалар үшін арзандатылған дизельге қол жеткізу де қиындай бастапты. Олардың сөзінше, жанар-жағармай көктемгі бағамен салыстырғанда қымбаттаған. Сондықтан кейбірі солтүстіктегі көрші елден тасымалдауды қолға алған. Ал жауапты мекеме өкілдері газ да, дизель отыны да жеткілікті деп отыр.

Қазір газ құю үшін кезекте тұрған көліктерді күнде байқауға болады. Тіпті ірі отын құю стансаларында дәл осындай көрініс. Жүргізушілер газға мұқтаждық соңғы үш күнде едәуір артқанын айтады. 

- Уже неше күн болды, бензинмен жүрік, газ жоқ. мынау қайта бүгін алдымда 3-4 машина тұр тек. анау Нокинада жолдың бойына 30-40 машина тұрған күндері болған. 

- Газ жоқ ау деймін. Барлық жерге барсаң талон деп тұрады. Андағы заправщиктен сұрасаң, офиске барасың дейді. 

Жауапты мекемедегілер жағдаймен таныс. Бірақ, себебін анықтау үшін әлі уақыт қажет дейді. Ал өңірдегі газ өндіретін үш бірдей зауыттан сұйық отын күнде жеткізіліп жатқанын айтады. Тіпті тамыз айына бөлінген 13 709 тоннаның бүгінге дейін жартысынан астамы стансаларға таратылған. Енді, қалған бөлігі де кестеге сай әкелінбек. Енді, тапшылық болса, қосымша тиісті шара қабылдауға дайын.

Нұршашқан Ізбасарова, облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда облыс әкімімен ҚР энергетика министрлігімен қосымша тағы да 3 мың тонна бөлу жөніндегі келіссөз жүргізіліп жатыр. Сондықтан, халықтың арасында туындаған наразылықты шешу жөнінде іс-шаралар атқарылуда. Халық арасында енді біздер кішкене шыдамдылықты сұраймыз.

Автогаздан өзге, қазір дизель отынына қатысты да мәселе шыққан. Атап айтқанда, мал азығы мен егін жинауға кіріскен бірқатар шаруалар арзандатылған жанар-жағармайға қол жеткізе алмай жүрген көрінеді. 

Ақтөбе фермерлік орталығы қауымдастығының басшысы Марлен Баймағамбетовтің айтуынша, мәселе оның бағасында болып тұр. 

Марлен Баймағамабетов, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы:

- Біздер көктемде болған көктемгі далалық жұмысына бөлінген бағамен бірдей болуын сұраймыз. Себебі көктемгі далалық жұмысына 222 мың теңге болса тоннасы қазір 238 мың. Ол да әлі де былай айтқанда қымбат. Қазіргі таңда біздерде шаруалар Ресейден келіп жатқан машиналардан арзан солярка алуға мәжбүр. Мәртөк, Қарғалы ауданының шаруашылықтары. 

Шаруаларға арналған дизель бағасына орай, қожалықтардың көрші елден отын тасып жатқаны туралы ауыл шаруашылығы басқармасына хабар түспеген. Ал жем-шөп пен егін орағы үшін өңірге 14 мың тонна көлемінде  арзан жанар-жағармай бөлініпті. Бұл өтініш берген 700-ден астам шаруаның қажеттілігін толық өтеуге жеткілікті екен. Әрі оны құны да бекітілген. 

Құсайын Сәрсембай, облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысы:

- Премьер-министрдің тапсырмасы болды, мына шаруашылықтар үшін жанар-жағармайдың бағасын арзандату бойынша. Сол себептен ол бірнеше күннен бері қаралып жатыр. Осы кеше соңғы протокол келді. 228 теңгеден зауыттан жіберетін болып. Оған қоса зауыт қазір теміржол тарифінда қоса алып отыр. Сонда, біздегі баға қазір бүгінгі күнге 250 теңге деп есебін берді, расчетын оператор беріп отыр.

Мамандар газ бен дизель отынына қатысты жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев