Мемлекет басшысы ғалым Асқар Жұмаділдаевты қабылдады
Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевты қабылдады.
Кездесуде Асқар Жұмаділдаев академияның соңғы үш айда атқарған жұмыстары туралы баяндап, отандық ғылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар академик қазақ тілін латын графикасына көшіру жөнінде ой-пікірін білдірді. Мемлекет басшысы ғалымның айтқан барлық ұсыныстары қарастырылатынын және Үкіметке тиісті тапсырма берілетінін айтты. Президенттің пікірінше, ғылыми-академиялық қоғамдастық елімізде жаратылыстану, инженерлік-технологиялық ғылыми орталықтардың пайда болуына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ғылымға негізделген ұсынымдар беруге ұйытқы болуға тиіс.
Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Мен осы 100 күнде жасалған тірліктеріміз туралы айттым және келешекте болатын жоспарларымыз туралы айттым. Президент менің ұсыныстарымды түгел қабылдады. Мен оған өте қуаныштымын. Болашақта қазақ-ғылым академиясының жағдайы да және ғалымдарының жағдайы да жақсы болатындығына кәміл сенемін.