Жезқазғанда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы анықталды

Жезқазған қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өтті.

Өңірдегі өнегелі әулеттер арасынан Доспановтар жанұясы оза шықты. Енді олар республикалық кезеңде бақ сынайтын болады.

Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу игі дәстүрге айналды. Оған қатысуға ниет білдіргендердің де қатары уақыт өткен сайын артып барады. Ауылдық, аудандық кезеңнен сүрінбей өткендерге облыс әкімінің орынбасары сәттілік тіледі.

Ғалымжан Құсманғали, облыс әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылы облыс бойынша 30-ға жуық жанұя қатысып, осы облыстық кезеңге 10 отбасы іріктеліп алынды. Өздеріңізге белгілі былтыр ғана облысымыз құрылғанда осы біздің облыстың атынан Әйтеновтер әулеті бірінші орынға шығып, ол туралы Мемлекет басшысы өзінің Жетісу облысына сапары барысында айтқан болатын.

Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Доспановтар отбасы жеңіп алды. Жанұяда 11 бала, 29 немере, 26 шөбере және 1 шөпшек бар. Қазіргі таңда отбасынан 10 адам «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етеді. Олардың барлығы әке жолын қуған. Ал отбасының жалпы еңбек өтілі 400 жылдан асады.

Бибігүл Доспанова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Мерейлі отбасына қатысу үшін отбасымыздың құндылығы жоғары болды. Енді біз соның бәрін қарадық. Бізге ұсыныс тастаған кезде, соған лайықты екенімізді біліп әулетімізбен қатысуға бел будық. Осыған қатысқанның арқасында осындай жетістікке жетіп отырмыз.

Енді Доспановтар әулеті өңір намысын республикада қорғайтын болады. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауы оныншы рет өткізіліп жатыр. Осы уақыт аралығында оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиырма мыңға жуық жанұя қатысқан екен.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева