«АрселорМиттал Теміртау» компаниясында неліктен өлім-жітім жиілеп кетті?
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясында соңғы 15 жылда 100-ден астам кенші көз жұмды.
Қайғылы жағдай жыл сайын көбейіп келеді. Оның үстіне әрбір екінші қаза, қазақстандық диви-зионға тиесілі. Ал шахтерлердің өліміне, компанияның қауіпсіздікке бейжай қарауы себеп.
Кәсіпорын басшылары, жыл сайын жағдайды түзетеміз деп уәдені үйіп-төгеді. Бірақ, іс жүзінде, сөз бен іс сай келмейді. Шыдамның да шегі бар. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов "енді кінәлілер, жазадан құтылып кете алмайды" деді.
17 тамыз. Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, салдарынан үш кенші қаза тапты. Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда. Алайда бұл «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының кенішінде болған бірінші апат емес. Мұнда оқыс оқиға жыл сайын тіркеледі. Компания қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қарағанда пайда табуға көп көңіл бөлетін сыңайлы. Мұны Үкімет басшысы да өткір сынады. Бүгін Әлихан Смайылов қаза тапқан жандардың отбасымен кездесіп, апатқа кінәлілер жазаланады деді. Атап айтқанда, компанияның топ менеджменті жауапқа тартылуы мүмкін.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Былтыр да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, қайғылы оқиға қайталанып отыр. Сондықтан қазір бұл компанияның иесіне қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталу үстінде. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Бұл істі соңына дейін жеткіземіз.
Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпорын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында заң бұзушылықтарға жол берген. Апат кезінде компания басшылары "бәрін түзейміз" деп шыр-пыр болғанымен, кейін сөзі сұйылып, берілген уәдеден тайқып кететін көрінеді. Мәселен, 2021 жылы кәсіпорынды жаңғыртуға инвестиция құю туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Жоба құны 3 млрд доллар. Алайда компания тек 1 млрд доллардың жобасын ұсынған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
"Бұл ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі. Көріп отырғанымыздай, жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталануда. Ең сорақысы, адамдардың өліміне алып келуде".
Теміртау халқы түтін жұтып отыр
Қазір аймақтағы экологиялық жағдай да мәз емес. Теміртаудағы барлық зиянды шығарындылардың 88%-і осы кәсіпорынға тиесілі. Соның кесірінен қала тұрғындары онкология және тыныс алу жолдары ауруларына шалдығып жатыр-деді Әлихан Смайылов. Қазір «АрселорМиттал Теміртауға» халықаралық компаниялар экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудитін жүргізуде. Тексерік қыркүйек айында аяқталып, тиісті шешім қабылданады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
"Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін – екі есе қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды".
Ал қаза тапқандардың отбасына, қажетті қолдау көрсетіледі. Дәлірек айтсақ, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы және, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған. Сонымен қатар жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасына кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде бір жолғы өтемақы төлейді. Жерлеу рәсімі мен еске алу шарасының шығындарын өтейді. Баспанасы болмаса, пәтер беріледі, сондай-ақ балалары жоғарғы оқу орнында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Компания отбасы мүшелерін, жұмысқа орналастырып, ипотекалық несиелерін өтеуге де міндетті. Ал зардап шеккен азаматтарға кәсіпорын, орташа еңбекақының 100% мөлшерінде, өтемақы төлейді. Сондай-ақ дәрілік заттар мен курорттық емнің шығыны және моральдық зиян өтелетіні айтылды. Сонымен қатар Әлихан Смайылов шахтерлерге 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.
Премьер-Министр сапар барысында Шахтинск қаласында кеңес өткізді. Жиында апатты тез арада жою жөнінде жедел шаралар қабылдап, оның себептерін жан-жақты зерттеп, осы қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтауды тапсырды.
Бекзат Аманов