Түркістан облысында 206 мың бала лагермен қамтылды
Түркістан облысында 17 жазғы сауықтыру лагері бар.
Жаз бойы 206 мың бала демалысын лагерде өткізеді деп жоспарланса, біразы жолдама алды. Облыстық «Жас туристер станциясы» бірнеше ауданды аралап, лагерлерде туристік фестиваль ұйымдастырып жүр. Мақсат - балалардың есінде қалатындай қызықты шара өткізу. Бұл жолы олар Төлеби ауданындағы Біркөлік шатқалында бас қосты. Аталған шараға әр ауданнан 150-ден астам өрен келген.
Осы уақытқа дейін «Жаз қызығы - көңілді демалыс» тақырыбында әр аудандағы станция филиалдары үйірмешілерге танымдық бағыттағы экскурсия жүргізді. Бұл жолғы қорытынды шара Біркөлікте өтті. Әр өңір өзіндік ерекшеліктеріне қарай түрлі көрме ұйымдастырды. Ашық аспан астындағы шарада Келес ауданының жас шабандоздары ат әбзелдерін таныстырды. Ал Созақтық өрендер садақ атып көзге түсті.
Ерсайын Тайыр, оқушы:
- Садақ атқаннан ерекше ләззат аламын. Себебі бұл тек дәлдік емес, мидың ерекше тыныштығы. Негізі садақ атудың екі түрлі нұсқасы бар. Олар дәстүрлі және олимпиадалық. Мен олимпиадалық садақ ату өнеріне қатысып, содан жетістікке жетуді көздеп отырмын.
Жазғы лагерге баруға асыққандардың бірі – Әдемі Мамырхан. Ол мұнда биыл үшінші рет келді. Оның айтуынша, мұнда тынығып, көңіл көтеруге, тіпті біліміңді шыңдауға бар жағдай жасалған.
Әдемі Мамырхан, оқушы:
- Осы лагерге 2-3 жылдан бері келемін. Біз әр келгенде жаңа орта, жаңа достар табамыз. Солармен бірге уақытты көңілді өткіземіз. Маған бұл лагердің ұнайтыны бізде бос уақыт мүлдем болмайды. Түске дейін спорттық іс-шаралар өтсе, түстен кейін мәдени іс-шаралар болады. Онда әр бала өзін жаңа қырынан танытады. Ұялу дегенді ұмытады.
Қала сыртындағы лагерлер көптеген бала үшін ата-анасынан алыстаған алғашқы сапары. Сондықтан олардың жаңа ортада басқа балалармен тез тіл табысуы үшін тәлімгерлер түрлі ойындар мен танымдық бағыттағы экскурсия ұйымдастырады. «Жас туристер станциясы» осы жаздың өзінде 700 ден астам іс шара өткізіп үлгерген.
Сәуле Өмірбаева, «Жас туристер станциясы» КММ директоры:
- Бүгінгі көріп отырғандарыңыздар республикалық пресстурда осы уақытқа дейін болған іс-шаралардың жиынтығын жасап, туристік спорттық жарыспен ұштастырып көрсетудеміз. Тағы да бізде кесте бойынша Сайрам ауданында өтеді.
Әр аймақтан келген үйірмешілер жергілікті табиғат жағдайына байланысты туризм элементтерін көрсетті. Отырарлықтар өңірдегі киелі орындарға саяхат жасаса, Қазығұрттықтар «Кеме қалған» шыңына шықты. «Балаға деген қамқорлық - болашаққа құйылған ең тиімді инвестиция», - дейді шараны ұйымдастырушылар. Мамандардың айтуынша, биылғы жазда 206 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш