Ескі мектептің спортзал мәселесі шешіледі
Ақтөбе облысында көне білім ұясының спортзалына қатысты мәселе биыл шешіледі.
Ембі қаласындағы №7 мектепке дене шынықтыру пәні үшін қосымша ғимарат салынады. Құрылыс жыл соңына дейін толық аяқталуға тиіс. Оған дейін оқушылар әдеттегіше икемделген тар бөлмеде жаттығады. Аудандық білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, бұл нысан 1939 жылы пайдалануға берілген. Алғашқыда емхана, кейін бала оқытатын мектепке лайықталыпты. Бірақ спорт залы болмаған. Ал білім алатын балалар саны бүгінде 400-ден асты. Сондықтан дене шынықтыру сабағына арналған залға қажеттілік туды. Оның құрылысын жүргізу үшін қазынадан 340 млн теңге қаралған. Жалпы Мұғалжар ауданы бойынша қазір екі бірдей мектепке спортзал салу жұмысы жүріп жатыр.