«Халық қатысатын бюджет» жобасы жеміс бере бастады
Ел аймақтарында «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру қарқын алып келеді.
Тіпті бұрын-соңды балалар мен ересектер үшін мүлде жағдай жасалмаған елді мекендерде жаңа алаңдар, саябақтар және өзге де нысандар жасақталды.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, енді алдағы уақытта бұл жобаның ауқымы кеңеюі мүмкін. Мамандар қазірдің өзінде, біраз өзгерістер болатынын айтады.
Бұл алаң жасақталғалы Берік Успанов күнде футбол ойнауды әдетке айналдырған. Тіпті, соңғы кезде кішкентай балаларын да әкеліп доп теуіп жүр. Ал бұл жер бұрын көп қабатты үй салуды көздеген жекенің қолында болатын. Алайда, тұрғындардың араласуымен мемлекет меншігіне қайта өтіп, кейін «Халық қатысатын бюджет» аясында көпшілікке арналған алаңға айналды. Енді таяу уақытта айналасы қоршалып, абаттандырылатын болады.
Берік Успанов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Үйдің орнына осы алаңды сұрадық. Мысалыға қазір кішкентай балалар футбол ойнап жүр. Көршілердің барлығы шығады кешкісін, өзіңіз келсеңіз алаңда орын болмай қалады. Барлығы кішкентай балаларымен, бесік-арбаларымен жалаңаяқ ойнап, доп қуып осы жерде жүреді.
Бұл биыл Ақтөбеде іске асатын бастамалардың бірі. Жыл соңына дейін облыс орталығында 71 жоба іске асады деп жоспарланған. Ал бағдарлама басталған үш жылда қалада негізінен ондаған саябақ пен спорт және ойын алаңдары жасақталған. Айналасы абаттандырылып, қайта жаңарған нысандардың да үлесі басым.
Ал көрші өңірдің орталығы – Орал қаласында биыл әзірге 8 жоба мақұлданған. Оларды жүзеге асыруға 300 млн теңгеге жуық қаражат қаралып отыр.
Азамат Халелов, Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Жоба 34 млн теңгеге дейін болу керек. Ол жалпы халыққа ортақ қатынасты жер болу керек және бюджеттен қайталанатын жобалар тізбесіне кірмеу керек. Биылғы мақұлданған 8 жобаның ішінде 2 жоба Деркөл кенті бойынша, сонымен қатар Зачаганск кенті бойынша. Осындай жобалар қаламызға тиесілі ауылдық округтерде, қаланың орталықтарында. Халық қай жобаны өзі таңдайды, сол жүзеге асырылады.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы өз жемісін беріп келеді. Қандай жұмыстың атқарылуы керегін тұрғындар өздері айқындайтын бағдарламаның әзірге еш баламасы жоқ. Оның аясында бұған дейін балалар немесе ересектер үшін мүлде жағдай жасалмаған шағын аудандар мен елді-мекендерде көп жұмыс атқарылды. Дегенмен, мамандар жобаға келер жылы өзгеріс енуі мүмкін екенін айтады.
Алмас Жақсылықов, Ақтөбе қаласы «Астана» ауданы әкімінің орынбасары:
- Көп өзгерістер бар. Мысалы қалалық жерлерге 50 дауыстан астам болуы керек. Былтырғы жылы бір жоба тек 10-ақ дауыс жинаса, сол жеткілікті болатын. Тағы да қосымша бұл өзгерістің 15 мың МРП-ға дейін өсті. Былтырғы жылдардың жобалары 10 мың МРП болатын. Енді қазіргі таңда, соған сметалық құжаттар жасақтаудамыз. Оны біз қазан айына дейін аяқтауымыз керек. Сосын экономика бөліміне, бюджеттік өтініміне жолдаймыз.
Елімізде бұл жоба 2020 жылдан бері іске асып келеді. Алдағы уақытта оның ауқымын кеңейту қолға алынуы мүмкін. Тұрғындардың тілегі осыны көрсеткен.