Ақтөбе әуежайының жөндеу жұмысы екі жылға жалғасады
Ақтөбенің халықаралық әуежайында ұшып-қону жолағы жөнделіп жатыр.
Әуе айлағының 3 мыңға жуық бетон жабындысын жаңарту қажет. Әзірге тек 900-і ауыстырылады. Бұл мақсатта әуежай бюджетінен 197 млн теңге бөлінген.
Құрылыс материалдарының тең жартысын жергілікті зауыт әзірлеп берді. Қалғаны шетелден жеткізіледі.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр ұшып-қону жолағының қирауына байланысты әуежай бір айға дейін жұмысын тоқтатқан болатын. Мамандар мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін екі жыл ішінде ескірген жабындыны толықтай алмастырамыз деп отыр.
Рустам Абдуллин, Ә. Молдағұлова атындағы ақтөбе халықаралық әуежайы басқарма төрағасының орынбасары:
- Жөндеу жұмыстары әуе қатынасына ешқандай кедергі болмайды. Күндіз ұшақтардың ұшып-қону арасындағы үзіліс кезін пайдаланатын боламыз. Негізгі жұмыс рейстер саябырсыған түн мезгілінде атқарылады. Сондықтан жолаушыларға да, жүк тасымалына да қолайсыздық туындамайды.