Абай облысындағы сумен қамту нысандарының жұмысында кемшілік бар
Абай облысындағы 166 сумен қамту нысанының 93-інің жұмысында кемшілік бар.
Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы өкілдері волонтерлермен бірлесе жүргізген мониторинг кезінде анықтады. Олар «сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасы аясында 200-ге тарта ауылды аралап шыққан. Нәтижесінде жүзге жуық елді мекенде 2019-2021 жылдар аралығында салынған ауыз су жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтіні белгілі болды. Мәселен, Бесқарағай ауданының Бірлік ауылына 2020 жылы ауыз су құрылғысы орнатылған. Алайда тұрғындарға тіршілік нәрі әлі күнге дейін жетпепті.
Серік Байғалиев, қоғам белсендісі:
- Өздеріңіз білетіндей, ауыз су өңіріміздегі ең өзекті мәселенің бірі. Жоба жасалады. Ақша бөлінеді. Алайда су тұрғындарға жетпейді. Біздің міндетіміз осы саладағы кемшілікті анықтау, мониторинг жүргізу. Бірлескен жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.
Рүстем Тоқбергенов, СЖҚІҚ агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Бұл жағдайлар бойынша барлық бейінді мемлекеттік органдарға біз тиісті хаттарды жібердік. Олардың қарау нәтижелері бойынша облыс әкімінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссиясында қарауға және сол жерде тиісті ұсыныстар енгізуді жоспарлап отырмыз.