Жезқазғанда су құбырлары жаңғыртылып жатыр

Жезқазғанда биыл 4 шақырымнан астам су құбыры ауыстырылды.

Дегенмен ескірген жүйеде әлі де ақаулық аз емес. Ұлытау өңіріне жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қаланы ауыз сумен қамту жұмыстарымен танысты. Көпқабатты үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындығын тексерді.

Жезқазғанға ауыз судың 70% ашық су көзінен беріледі. Тіршілік нәрі талапқа сай сүзгілеуден өтпегендіктен, сапасы нашар. Осыған орай былтыр қала аумағында су  тазарту кешенінің құрылысы басталды. Жобаның екінші кезеңі Үкімет тарапынан қолдау тауып, 6 млрд теңге бөлінді. Облыс орталығын жерасты сумен қамтамасыз етіп отырған «Үйтас-Айдос» су құбыры желісін қайта жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Биыл 4 шақырымнан аса құбыр ауыстырылды. Алайда мердігер жұмысты жалғастыру үшін қаражат керек деп отыр.

Роман Скляр шаһарда жылу құбырларын жаңалау жұмыстарымен де танысты. Ескірген инженерлік желілерді ауыстыруға 3 млрд теңгедей қаржы бөлінген. Жоспар бойынша келер жылы толық бітуі тиіс. Құрылыс-монтажы кестеге сәйкес жүріп жатыр. Үкімет басшысының бірінші орынбасары жылу электр орталығына да барды. Энергонысанның құрал-жабдығын ауыстыруға 5 млрдқа жуық теңге қарастырылған. 5 жылу қазандығы іске қосылған жағдайда Жезқазғанды жылумен қамтуға жеткілікті. Алайда, энергетикалық қауіпсіздік үшін резерв мәселесі ашық күйде қалып тұр.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Электр энергиясын генерациялау көздерін қаржыландыруды қолдадық. Жылу жүйесін жаңартуға да қолдау білдіреміз. Осыған қаржы құюға ниетті инвесторлар табылатын болса, олар қазіргі жағдайды жақсартуға барынша күш салуы тиіс.  

Жезқазғанда мемлекеттік қызметшілер үшін 11 көпқабатты үй салынып жатыр.   Жаңа баспаналарды тұрғызуға 33,5 млрд теңге бөлінді. Биыл басталған жобаны 2024 жылы толық аяқтау жоспарда.

Шәріпбек Слямов, мердігер мекеме өкілі:
- Қазіргі уақытта 6 үй тұрғызып жатырмыз. Әрқайсы 12 секциядан тұратын баспаналарда 432 пәтер болады. Бірінші кезекте, 72 пәтерлі 9 қабатты үйді салып бітіру жоспарланған.

Ұлытау облысына қарасты автожолдардың жай-күйі де Үкімет өкілі назарынан тыс қалмады. Келер жылдың жазында «Жезқазған-Қызылорда» бағытындағы трассаны жөндеу басталады деп күтілуде. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп жатыр.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Нұржан Тәңірбергенұлы, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева