Рудныйда жылу жүйесі жаңартылып жатыр

Рудный қаласында да ескірген жылу құбырларын ауыстырып жатыр. 

Шағын шаһарда бірден 16 жобаны қолға алған. Басым бөлігін алдағы жылыту маусымына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Мамандар жылу жүйесін алдағы бір-екі жылда талапқа сай толық жаңғыртамыз деп отыр.

Өткен қыс рудныйлықтарға қатты батты. Тозған құбырлар әлсін-әлсін жарылып,  тұрғын үйлер жиі жылусыз қалды. Тіпті төтенше жағдай жарияланып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жылу желісін тез арада қалпына келтіруге қаржы бөлінді. Ал биыл күн жылына бірден ауқымды жөндеу жұмыстары басталды.    

Олег Әбілқайыров «Рудный жылу желісі» ЖШС директоры:
- Биыл 10 шақырым құбырды ауыстырамыз. Бүгінгі күнге соның 7 шақырымын аяқтадық. Қалған бөлікті қыркүйекке дейін бітіреміз. Келер жылы да осыншама ауқымды жаңарту жоспарда бар. Сонда тозығы жеткен құбыр көрсеткішін 15 процентке азайтамыз.

Жалпы Рудный қаласындағы жылу желісінің ұзындығы 182 шақырым. Соның 67 проценті әбден ескірген. Биыл жиі ақаулық болған учаскелер бірінші кезекте жаңартылған. Бірақ көптен ауыстырылмаған құбырдың тағы бір тұсы сыр бермесіне кепіл жоқ.

Валерий Полешко, Рудный қаласы әкімінің кеңесшісі:
- Негізінен жылу желісінің магистралды бөлігі ауыстырлып жатыр. Алдағы қыс мезгілі қандай бір тосын жағдай туындамайды деп нық айту қиын. Норма бойынша жыл сайын жоспарлы түрде жылу желісінің 15 проценті жаңартылып отыруы тиіс. Сонда ғана сенімділік пайда болар еді.  

Шағын шахардың жылу жүйесін жаңартуға 11 миллиард 300 миллион тенге бөлініп отыр. Бұл екі жылға есептелген жоба. Рудныйда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды Сенат депутаттары да көрді.

Ғауез Нұрмұхамбетов ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл салада іске асырылып жатқан жобалар тұрғысынан қарағанда облыста Рудный көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Арқалық. Ол түсінікті де. Өйткені Арқалықтағы бұрыңғы үлкен құбырларды пайдалану қазір тиімсіз. Шығыны көп. Сондықтан ол жақта да жылу желісін жобалау жұмыстары жүріп жатыр. 

Ал Рудныйда қыркүйектің басында жылу желісінің қысымға шыдамдылығын тексеріп көреді. «Қандай бір кемшілік, ақау анықталып жатса, жылу беру маусымы басталғанша жөндейміз», - дейді мамандар. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров