Тұмса табиғаттың аңы браконьерден зардап шегіп отыр

Орман-тоғайдан береке қашып барады.

Тұмса табиғаттың ағашы өрттен, аңы браконьерден зардап шегіп отыр. Биылдың өзінде 200-ге жуық заңсыз аң аулау дерегі тіркелді. Әсіресе батыс пен шығыста жағдай күрделі. Қармағы көлдің, қаруы түздің үрейін алатын браконьерлермен күрес қазір қарқынды жүре бастады.

Соңғы жылдары елде орман өрті оқиғалары мен броконьерлер көбейіп барады. Табиғат сақшылары заңсыздықтың алдын алу үшін осындай тікұшақпен көке көтеріліп, жағдайды бағамдайды. Әсіресе күзгі уақытта мұндай рейдтер жиі ұйымдастырылады. Мамандармен бірге жағдайды біз де көріп қайтайық.

Желдей жүйіткіген тікұшаққа отырдық. Төңірекке төбеден қарап, жердегі жыбыр еткенді түгел таспалап келеміз. Арқаның кең даласы саны сиреп бара жатқан жабайы аң-құсқа толы. Тиісінше, қолына қару берсең, жануар біткенді қынадай қыруға дайын тұрған браконьерлер де аз емес.

Бекзат Аманов, тілші: 
- Броконьерлер негізінен елік, қабан, бұланды жиі аулайды. Біз қазір шамамен 300 метр биіктікке көтерілдік. Дәл осы қашықтық орманның айналасын анық көруге мүмкіндік береді.

Арқаның табиғатын 1 сағатқа жуық араладық. Әдетте браконьерлерді анықтау үшін мамандар толыққанды операция жүргізеді. Алдымен тікұшақты көкке көтеріп, заманауи техникалық құралдарды іске қосады. Сондай-ақ квадроцикл, қайық һәм қызметтік көліктер жолға шығады. Себебі, «табиғатты түгел қамту маңызды», - дейді мамандар.

Николай Лесной, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК командирі:
- Кейде біз көліктерді әйнегінің жарқырауынан байқап қаламыз. 30-40 шақырым жерден көріп, жақындаймыз. Браконьерлерді көктен іздеген тиімді. Қысқа уақытта өте үлкен аумақты қамти аламыз. Аңшының рұқсатына қараймыз. Мәселен, тәулігіне 5 үйректі атуға рұқсаты болып, үшеуін атса және оны жолдамаға жазбаса – бұл заңбұзушылық болып саналады.  

Ақмола облысында аң аулау маусымы тамыз айының соңында басталады. Аңшылыққа шығу үшін арнайы жолдама сатып алу қажет. Сондай-ақ өзімен бірге қару алып жүруге рұқсаты болуы керек. Бірақ бұл жағдайда да арнайы шектеулер бар. Заң қатаң, бірақ заңсыздық сонда да тыйылмай тұр.

Төлеубай Мұхамадиев, ІІМ КАП ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Заңсыз аң, балық аулау деректері тіркеліп тұрады. Сондай-ақ ақбөкен мүйізі немесе бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын сататындар бар. Бұған кем дегенде 3 мың АЕК айыппұл немесе 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Одан бөлек табиғат сақшылары ағаштарды кесу, қиыршық тас пен құм алу сынды заңсыз фактілер анықтайды. Қазір әккі браконьерлер заманауи құралдар мен жаңа техникаға көшті. Ал табиғат сақшылары ескі жабдықтармен жұмыс істеуге мәжбүр. Осыған байланысты сарапшылар «құзырлы органдарды заманауи техникалармен қамтамасыз ету керек», - дейді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов