Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра
Түркістанға барған демалушылардың дені ұлттық тағамдарды ұсынатын тамақтану орындарын таңдайды.
Себебі онда басқа мейрамханада кездеспейтін ас мәзірлерін ұсынады. Әрі қызмет көрсету сапасы да өзгеше. Даяршылар ұлттық нақыштағы киім үлгілерін насихаттап жүр.
Ұлттық нақышта безендірілген мейрамхана тек ұлттық тағамдар мен сусындарды ғана ұсынады. Сондықтан да туристер мұнда жиі аялдайды. Мейрамхана өкілінің айтуынша, алдымен меймандар қымыз бен қымыраннан дәм татып, құрт, май, ірімшік пен ыстық бауырсақтан ауыз тиеді. Одан кейін аяқты созып, құс жастыққа жантайып жатып, бағлан қозының балбырап піскен қуырдағын қалағанынша жейді.
Лаура Әбдірахым, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Менің алғаш келуім бұл мейрамханаға. Өте қатты ұнады, мәзірлері қазақша. Даяршыларының қызмет көрсетуі де қатты ұнады. Бұл жерде әрбір тамақтың өзінің тарихы бар екен. Неден жасалынғаны, қалай жасалғаны. Ішіндегі сандықтар, кілемдер, таңбалар барлығы бір-біріне үйлесімді.
Мұрат Амангелдіұлы, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен жұмыс барысымен Астанадан келген едім. Бұл жердің кереметтілігі, өзіміздің қазақи нақыштағы көрпе-төсектері, оюлары және ұл-қыздары керемет күтіп қарсы алуда. Киген киімдері өте әдемі, жарасымды.
Одан кейін қала қонақтары мен тұрғындары мейрамханада өтетін жас ақындардың поэзия кешіне барып, өлең тыңдағанды ұнатады. Күйбең тірлікті бір сәтке ұмытып, романтикалық кештен ләззат алады. Рухани күш жинап, тынығады
Жанерке Бараққызы, қала тұрғыны:
- Бұл менің ойымша жаңа буынның, жастардың әкеліп жатқан лебі, идеясы. Кеш өте әсерлі өтті. Шығармашылық әлеміне сүңги түстік. Керемет әсер алдық.
Рысгүл Досжанова, жас ақын:
- Бұл әлемде бар эксперимент, түрлі әлем елдерінде дәл осылай кофе ішіп, шәй ішіп отырып та өлең тыңдайтын оқырмандар бұрыннан бар.
Түркістанда соңғы бес жылда 30-дан аса түрлі саябақ пен аллея ашылды. Самаладай жарық шамдар күндізгідей әсер сыйлайды. Парктердегі жасанды көлдер мен субұрқақтар қала тұрғындарының таза ауамен тыныстап, тынығатын орнына айналған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш