Түркістан облысында асфальты жоқ ауыл жолдары жөнделіп жатыр

Кентау қаласымен оған қарасты Хантағы және Ащысай ауылдарында ұзындығы 27 шақырым болатын 40 көше, орташа жөндеуден өтуде.

Бұдан бөлек жарықтандыру мен, аяқжол төсеу жұмыстары қатар атқарылуда. Игі іс «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған.

Кентау қаласының іргесіндегі Хантағы ауылының тұрғындары көшелеріне асфальт төселіп жатқанына дән риза. Себебі бұл ауылдағы кейбір көшелерге осы уақытқа дейін мүлдем асфальт жабындысы төселмеген. Топырақ жол көктем мен күз айларында ми батпаққа айналып, жүру мүмкін болмайтынын айтады. 

Ұлжан Көлбаева, Хантағы ауылының тұрғыны:

- Міне бізде өмірі болмаған нәрсе істеліп жатыр. Су келіп жатыр ауылымызға, жарық беріліп жатыр. Одан кейін міне қуанышты жағдай көшемізде еш уақытта болмаған асфальт төселіп жатыр. Одан артық бақыт бар ма? Өмір деген жақсырып жатыр. 

Мұратбек Бейпенов, Хантағы ауылының тұрғыны:

- 50-60 жылдан бері ауыл болды. Бұл жерде өмір бақи жол деген нәрсе болмаған. Ашық жер болған соң көлік өзі жүріп, жол салып тастаған. Бірінші рет асфальт төселіп жатыр. Ауылымыздың қуанышы қойынына сыймай жатыр осы жолды көріп. Осы жолды енді аялап, күтіп ұстауға өзімізде атсалысамыз.

Хантағы ауылында ұзындығы 32 шақырым болатын 15 көше бар. Оның 50 пайызы ғана жөнделген. Қалғанына асфальт мүлдем төселмеген. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен 308 млн теңге қаржы қаралып, оған ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 6 көше орташа жөндеуден өтіп жатыр. Ал Ащысай ауылдық округінде 12 көшеге асфальт жабындысы төселуде. 

Жамбыл Ұлан, қалалық автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік әріптестік жобасы аясында Кентау қаласында 15 шақырымды құрайтын 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ол көшелердің алтауында асфальттау жұмытары аяқталуға жақын. Қалған 15 көшесінде жолдың негізін әзірлеу жұмыстары атқарылуда. 

Мамандардың айтуынша, барлық орташа жөндеу жұмыстары қыркүйек айында толық аяқталады. Сол кезде Кентау қаласымен оған қарасты ауылдардағы жақсы және қанағаттанарлық жолдың үлесі 80% құрайды. Айта кетейік, биыл Түркістан облысындағы жолдарды жөндеуге 41 млрд  теңге қаржы бөлінген. Алдағы 2 жылда ауылдық елді мекендердің ішкі жолдарын тұтас қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш