Батыстағы Ақсай қаласы маңындағы ауылдардың электр желісі қатты ескіріп кеткен

Батыс Қазақстан облысының Успен және Кеңтүбек ауылдарында бұрын жарық жиі сөнетін.

Енді ол қиындықтар артта қалмақ. Аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында екі ауылдағы электр желілерін жаңартуға 620 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.

Ақсай қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Кеңтүбек ауылында 1 мыңға тарта адам бар. Жұмыс жасындағы азаматтардың көбі кен орнына, аудан орталығына қатынап жұмыс істейді. Басты қиындық жол мен жарық, дейді тұрғындар.

Серік Айғалиев, Кеңтүбек ауылының тұрғыны:

- Кейбірде болмай қалады борандарда. Көбі мотор сатып алды ғой тұрғындар. Мотормен отырады көбіне. Болмаса отырады. Электрик жоқ бізде. Буденовтан шақырып алады. Солар келіп жалғап кетеді.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Кеңтүбек ауылындағы мына электр желілері осыдан 50 жыл бұрын, яғни өткен ғасырдың 70-жылдары тартылған екен. Содан бері уақыт тезіне төтеп бере алмай, ағаштары шіріп, тас бағандары үгіліп, сымдары әбден ескірген. Ескіргені сонша, үп еткен желге желілер үзіліп қала береді екен. Енді ол қиындықтар артта қалмақ.

Қазір Кеңтүбек ауылындағы бағандар түелдей түгелдей ауыстырылған. Сымдардың жартысы жаңартылып, 4 трансформатор қойылыпты. Ал Успен ауылында жұмыс енді басталып жатыр. Қос ауылды қуатпен қамтуға аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 620 миллион теңге бөлініпті.

Дастан Ақмамбетов, Бөрлі аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- ПСД жасағанда бірінші қараймыз, мониторинг жасалады, қай ауылда ең көп авария болып жатыр, қай ауылдың ең көп тозығы жеткен, солардан бастап жасап жатырмыз. Бұл 4 жобадан бөлек тағы да алдағы уақытта жоспарланып отыр Қарағанды, Қарақұдық, Ақсу, Ақбұлақ ауылдарының электр желілерінің тозығы жеткен. Одан бөлек Қанай ауылы.

Еліміздің энергожүйесінен оқшау жатқан Батыс Қазақстан облысында 20 мың шақырымдай электр желісі бар. Соның 82% тозығы жеткен. Электр желілерін тарату компаниясы биыл өздерінің инвестбағдарламасы бойынша 534 миллион, жөндеу қорынан 700 миллион теңге бөліп, ең күрделі учаскелерді жамап-жасқап жатыр. Былтыр аймақтың жылу энергетикасын дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленген екен. Сол бойынша 12 жоба әзірленіп, 7-і сараптамадан өткен. Бағдарламаға 3 жылда 20 миллиард теңге керек болса, биыл тек оннан бірі ғана бөлініпті.

Асқар Ғайсин, электр желілерін тарату компаниясының техникалық директоры:

- Зашаған қосалқы стансасынан Тасқала ауылына дейін 138 шақырым ауыстырылатын болады. Бізде ол 110 киловатт әуе желісі, оған қазір республикалық қаржыдан 1,9 млрд теңге бөлініп, қазіргі уақытта материал тасымалданып,  жұмыстар басталу қарсаңында тұрмыз. Біздер электр энергиясын пайдалану ережесі бойынша кем дегенде бір жылда нормативке сәйкес 10 пайыздан жоғары қызмет көрсетуіміз керек еді. Алайда бізде ақшамыздың аздығынан ол 1,5-2 процентті құрап отыр.

Яғни биылғы жаңарту жұмыстары электр желілерінің тозығы жету көрсеткішін әрі кеткенде 1-2 пайызға ғана кемітеді. Бұл жеткіліксіз дейді мамандар. Облыстағы электр желілерін толық жаңарту үшін 168 миллиард теңге қажет.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов