Көмір экспортына шектеу қойылады
Көмір экспорты қатаң бақыланады.
Кейбір кәсіпорынға шектеу қойылады. Өйткені елдің ішкі қажетіне деп бөлінген көмірді қымбат бағамен өзге елдерге шығару белең алды. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстанда көмір арзан. Мұны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитеті төрағасының орынбасары айтты. Бір кездері Еуропада тоннасы 120 доллардан сатылған отынның құны 400 долларға дейін жеткен. Енді мұндай алып-сатарлыққа жол берілмейді. Әйтпесе бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етеді. Жалпы ел тұрғындары мен тұрмыстық-коммуналдық салаға 9,1 миллион тонна көмір қажет. Бүгінде соның 2 млн тоннасы аймақтарға жеткізілген. Өткен жылдармен салыстырғанда бағада айырмашылық бар.
Тұрар Жолмағамбетов, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі күні разрездегі, яғни көмір шығаратын орындардағы бағалардың құны. Бізде бренд саналатын Шұбаркөл көмірдің бағасы, разрездегі бағасы 7 570 теңге. Қаражыраныкі 9 мың теңге. Майкүбенікі 6 700 теңге және Шұбаркөл премиумдыкі 9 мың теңге. Өткен жылмен салыстырғанда, бізде баға орташа есеппен 15 пайызға дейін жоғары болғанын байқаймыз. Атап өткен жөн, 3 жылға дейін көмір өндірушілерде баға өзгермеген. Біздің министрлік осы көмір өндіруші компаниялармен келіссөз жүргізе отырып, мүмкіндігінше осы көмірдің бағасын сақтап қалуды сұрайды.