Жұмыс істемейтін азаматтар жалған құжатпен жалақы алған

Атырау облысында мектепте жұмыс істемейтін азаматтарға жалған құжатпен жалақы төленген.

Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің Атырау облыстық департаментінің қызметкерлері анықтады. Тексеріс кезінде 41 адамға жалақы аударылып келгені анықталды. Мәселен, облыс орталығындағы мектептің электригі «Атырау-Жарық» компаниясында жұмыс істеп жүріп, қосымша 2 мектептен еңбекақы алып келген. Сондай-ақ компьютер бөлімінің бағадарлама жасақтаушысы 2 бірдей білім беру ұйымында қызмет атқарған. Бір ғана осы істер бойынша 7,2 млн теңгенің шығын болғаны анықталды. «Облыстағы 12 білім беру ұйымында қазынаның 90 млн теңгесі жымқырылған», - дейді мамандар.

Жәнібек Қаражанов, СЖҚІҚА облыстық департаментінің басқарма басшысы:
- Талдау нәтижесінде мектеп басшысы өзінің туысқандарын, яғни қызын және балаларын, күйеу баласын өз қарамағына қызметке алған. Бірақ іс жүзінде олар жұмыс істемегендері анықталды. Тек қана осы мектептің өзінен 20 млн теңгеден астам ақша қаражатын жымқыру анықталды. Және осы мектептің директоры жалақасынан бөлек 1,2 млн теңге ақшаны артық аударып алған.