Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа әдістеме ұсынды

Елімізде инфекциялық аурулардың жай-күйіне арналған жаңа әдістеме енгізілмек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, пилоттық жоба статистикалық деректерді талдап, оны жетілдіруге мүмкіндік береді. Осыған орай Шымкент қаласында эпидемиолог мамандардың біліктілігін арттыруға арналған жиын өтіп жатыр. Халықаралық тренингке Өзбекстан мен Қырғызстан елінен де мамандар қатысты. Өйткені Орталық Азия елдерінде ауа арқылы тарайтын инфекциялық аурулар белең алған. Мәселен биыл Республика көлемінде бір ғана қызылша таяқшалары 3 мың 200-ден астам науқастан анықталған. Оның басым бөлігі жоспарлы екпе алмаған балалар екен.

Скендер Сыла, ДДСҰ Қазақстандағы кеңсесінің басшысы:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан төрт сарапшы келді. Олар жергілікті мамандармен бірлесіп, иммундау процесінің қалай жүріп жатқанын зерттеп, деректерді жинауға арналған электронды құралды пайдалануға үйретеді. 

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
- Бізде елімізде өзіміздің қалыптасқан құралдар бар. Статистикалық өңдеу методикалары бар. Соларды жетілдіру деп айтуға болады қазіргі ұсынылып отырған құралды. Вакцинациямен байланысты инфекциялық ауруларды болжап, соның төніп тұрған қаупін алдын-алуға мүмкіндік беретін құрал.