Жас кәсіпкер қатты кірпіш түрін шығарып жатыр
Оралда жас кәсіпкер Мирас Рамазанов қатты кірпіш түрін шығарып жатыр.
Аймақта бұл бизнес жобасының баламасы жоқ. Іскер жан мемлекеттік бағдарлама аясында 5 млн теңгенің грантын ұтып алған. Ол қаражатқа өндіріс цехын жабдықтап, жаңа жұмыс орындарын ашты.
Кірпіштің бұл түрі өте берік. Оны сындырудың өзі қиынға түседі. Құрамының 90 пайызы ағаш болғанына қарамастан, отқа да жанбайды екен. Мирас блок өндірісін екі жыл бұрын бастаған. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы негізінде қаржылай қолдауға ие болыпты. Қазір кірпіштің көлеміне қарай екі түрін шығарады. Тауарға сұраныс артқан. Өңірдегі аудандармен қатар өзге облыстардан да тапсырыс түседі екен.
Мирас Рамазанов, кәсіпкер:
- Ағаш үгінділерін араластыратын, сосын пресс, сосын ағаш үккіш құралын сатып алғанбыз. Ағаштың екі түрі болады: тікентектес және жапырақ тектес. Тікентектесте қант аз болады. Жапырақтектесте қант көп болады. Біз сульфат аллюминия қосамыз ғой. Тікенді ағаштарға аз кетеді. 80% тұтынушыларымыз ауданда. Сосын Ақтөбе облысынан алып кетті және Қызылорда облысынан алды бізден. Атырау облысынан келіссөз жүргізіп жатырмыз қазіргі таңда.
Іскер жан шикізаттың бәрін отандық кәсіпорындардан тасымалдайды. Мысалы ағашты Оралдан, цементті Маңғыстаудан, ал алюминий сульфатын Астанадан алады. «Материал жеткілікті», - дейді кәсіпкер. Цехта 4 адам еңбек етіп жүр. Олар күніне 150 шақты блок шығарады.
Еркебұлан Сейдіғалиев, цех жұмысшысы:
- Жұмысқа мен жақында кірдім. Бір айдай болды. Өте жақсы жұмыс. Өзіме ұнайды. Мұнда осы аппаратта тұрамын. Тас шығарамын. Мұнда саламын. Әрі қарай жігіттер қабылдап алады өздері.
Өңірде өзге де кірпіш зауыттары болғанымен, дәл осындай блок шығаратын өндіріс орны жоқ. Баламасыз бизнес мол табысқа жетелеп жатыр.
Әлібек Сақыпов, қала тұрғыны:
- Үй салғаныма екі жыл болды. Іргетасы отырған жоқ. Қыста үй жылы, жазда қоңыр салқын болады. Бұл кірпіш ылғалды да ұстамайды екен. Өртеніп кетеді деп қорықпаймын.
Әзірге кірпіш көктем мен жаз мезгілдерінде ғана өндіріліп жатыр. Өйткені жалға алынған ғимарат суық күндері қолайсыз. Алдағы уақытта кәсіпкер тауарды жыл бойы өндіру үшін техникалық мүмкіндікті арттыруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов