Семей полигонының қаупі әлі сейілген жоқ
Қазақ даласындағы ең ауыр нәубет – Семей полигонының жабылғанына 32 жыл.
1991 жылы ядролық қарудан бас тартып, 1,5 млн тағдырды талқандаған ауыр азаптан арылдық. Осы күні «сынақ ошағының айналасы қоршалды, радиация қаупі сейілді» деп жүрміз. Бірақ, шын мәнінде жергілікті тұрғындар Атом азабын әлі тартып келеді. Сол маңдағы халықтың жағдайы да мәз емес.
Енді осы мәселені шешу үшін биыл Президент «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңға қол қойып еді. Аталған құжат жергілікті тұрғындардың сұрауына жауап бере ала ма?
Бұл шаһар Кеңес үкіметі кезінде әлемдегі ең жабық, құпия қаланың бірі болды. Мұнда тек рұқсат қағазы бар адамдар ғана кіре алды. Тіпті бұл жерді географиялық картадан да табу мүмкін емес еді. Біз Курчатов қаласындамыз.
Кезінде Советтің ярдролық өркениеті болған бұл қалада қазір Семей полигонына қатысты ең ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Ғалымдар радиацияның өсімдік, жан-жануарға тигізер зиянын анықтайды. Қауіпті орындарға түрлі көкөніс егіп, құрамы қаралады.
Андрей Панинский, ҚР Ұлттық ядролық орталығының өкілі:
- Арнайы орындарда егілген өсімдіктердің құрамын зерттейміз. Кейін оны құрғатып, жойып жібереміз. Біз жүргізген кешенді зерттеу қауіпті және қауіпсіз аймақтарды нақтылауға көмектесті. Полигон аумағының басым бөлігі егістікке жарайды деген тұжырымға келдік.
Ғалымдар полигонды әлі толық зерттеп үлгермедік дейді. Тіпті радиация қалдықтарымен ластанған кей орындар әлі күнге дейін қоршаусыз, ашық жатыр. Соның бірі – Атом көлі.
Қалың қарашаның үрейін ұшырған Атом көлі деген – осы. Кеңес үкіметі кезінде қуаңшылықтың алдын алу үшін жазық даланың бойында жарылыс жасайды. Осыдан мынадай терең көл пайда болды. Бірақ іс жүзінде эксперимент сәтсіз аяқталды. Себебі, судың құрамы таза емес, жарамсыз болып шықты.
Қазір кейбір Атом көлінде жергілікті халық балық аулайды, малын суарады. Кейін сол малдың еті бүкіл өңірге сатылады. Радиация қаупі сейілді, енді қатер төндірмейді деген түсінік қой. Бірақ шын мәнінде, жағдай мүлдем басқаша.
Евгения Мустафина, ҚР Ұлттық ядролық орталығы РҚЭИ филиалы директорының орынбасары:
- Атом көліне жақындаудың өзі қауіпті. Себебі, ол жер әбден ластанған. Көлдің айналасы радиациялық қалдықтарға толы. Ол жерді көму керек. Балық аулаймын деп, адам өз өмірін қауіпке тігеді. Оны қоршау мәселесі көптен бері айтылып жүр. Алайда бұл біздің құзырымызға жатпайды. Біз тек қауіпті деген белгі қойдық.
Полигонның ортасын Шаған өзені кесіп жатыр. Жергілікті халық төрт-түлікпен күнелткен соң, тұрғындардың бір бөлігі осы өзенді сағалап, жағалай қоныстанған. Ең сорақысы, Шағанның зияны әлгі Атом көлінен әлдеқайда көп. Ал жергілікті халықтың тұрмысы мүлдем бөлек тақырып. Көп ауылдың базары тарқап барады.
Шалқар Әмірғали, Саржал ауылының тұрғыны:
- Күнкөріс – мал ғой. Қымыз, сүт. Халық өз бетінше күн көріп отыр ғой. Дәрігерлер жағынан көмектессе, ауылда больница түк жоқ бізде. Ауырған-сырқаған адамға.
Биыл мемлекет басшысы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңға қол қойды. Дәл осы құжат жоғарыда айтқан түйіткілдерді шешуге көмектесуі керек. Осының көмегімен Шаған өзені де, Атом көлі де қоршалады дейді мамандар. Одан бөлек, Семей полигонының айналасындағы қауіпсіз жерлер жергілікті тұрғындарға беріледі.
Алуа Қабдырақова, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бөлім басшысы:
- Атом көлі және Шаған өзені міндетті түрде осы аймақтың ішінде қалады. Бұл аймақтың сыртына шығарылмайды. Өйткені ол жер ядролық сынақ өткізген орын. Болжауымыз бойынша 24 жылғы бірінші жартыжылдықтың соңында деген болжам қазіргі уақытта.
Тұрғындарға керегі де осы. Жайылым көп болса, тұрмыс та түзелер еді дейді олар. Оның үстіне туризмді дамытуға да мүмкіндік тууы мүмкін. Ал бұл қосымша жұмыс, сапалы инфрақұрылым. Заң келесі жылы күшіне енеді. Жарты жылдың ішінде қауіпті аймақтарды қоршап, қалғанын босатамыз дейді жауаптылар.