Суды үнемдеу технологиясының тиімділігі зор
Жыл өткен сайын елімізде су тапшылығы қатты сезіліп келеді.
Әсіресе, оңтүстік өңірлерде қуаңшылықтан қаншама гектар егін қурап қалды. «Сондықтан келешекте жаңа су көздерін тауып, оны үнемдеп пайдалануды үйренуіміз керек», - дейді Қарағандыда бас қосқан «Ауыл» партиясының өкілдері. Олар Қазақстанның барлық өңірін аралап, фермерлермен кездесіп, бұл бағытта қандай мәселелер барын әбден зерттеп, кейін Мәжіліске нақты ұсыныспен шықпақшы. Айтуларынша қазір еліміздегі 1,5 миллион гектар суарамалы жердің тек 17 проценті ғана суды үнемдеу технологиясына көшкен. Ал бұл технология өнімді үш есе көп жинауға мүмкіндік береді екен. Партия өкілдері сондай-ақ қараусыз қалған шағын су қоймаларын қайтадан қалпына келтіруді ұсынып отыр. Бір ғана Қарағандының өзінде сондай иесіз жатқан 150 су қоймасы бар екен.
Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары:
- Біріншіден, шағын су қоймалары баршылық, жоқ емес. Осылардың барлығын іске қосу керек, жұмыстың барлығын әрі қарай жалғастыру керек. Екіншіден, Қаныш Сәтбаев атындағы канал бар, соның мүмкіншілігін толығымен пайдаланыуымыз керек. Түске дейін фермерлермен кездестік, ынталары өте жақсы. Өте қуандырды. Сол жаңағы айтып келе жатқан, қандай жолдары бар дегенде суды үнемдейтін технологияларды іске асыру керек.