Семей полигоны. 9 мың шаршы метрден астам аумақ айрықша қоршалады

Семей ядролық сынақ полигонының жарылыс жасалған аумақтары қоршалып жатыр.

Бұл туралы Семейде өткен халықаралық дөңгелек үстелде Курчатовтағы ұлттық ядролық орталығының экология және радиациялық қауіпсіздік институты директорының орынбасары Евгения Мұстафина айтты.

Мамандардың хабарлауынша, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданғаннан кейін ластанған радиациялық учаскелерге қоршаулар мен арнайы белгілер қойыла бастаған. Өйткені, бұл аумақ төтенше қауіпті аймақ саналады.

Ғалымдардың айтуынша, 9 мың шаршы метрден астам аумақ ерекше қоршауды қажет етеді.

Евгения Мустафина, ҚР Ұлттық ядролық орталығы РҚЭИ филиалы директорының орынбасары:

- Ядролық сынақтардың дәл кіндігіне келген адам сол сәтте радиация алып жатқанын түсінбеуі мүмкін. Мына жаңадан қабылданған заң көптеген түйткілді сауалдарға жауап береді. Уланған аумақтарға толық мониторинг жасауға жол ашып отыр. Біз қазір жарылыс болған аймақтарды қоршауды бастап кеттік. Бұл учаскелерді Ұлттық ұлан сарбаздары күзетеді.