Доссорлықтар далада қала ма?

Атырау облысы, Доссор кентінде үйі өртенген 6 отбасы көшеде қалуы мүмкін.

Маусым айында көппәтерлі барақ үй өртеніп, тұрғындары уақытша мектеп-интернатққа көшірілген еді. Жаңа оқу жылы басталғандықтан, әкімдік жатахананы босатуды талап еткен. Тұрғындар жәрдемақы есебінде берілген 690 мың теңгені қайда жеткізерін білмей дал. Жергілікті билік үйсіз қалғандарды көшіре қоятын дайын үй жоқ дегенді айтады.

Екі баланың анасы Лаура Сатыбалдиева маусым айынан бері оқушылар жатаханасында тұрып жатыр. Бастапқыда жедел көшірілген бұларға 1 айда бар жағдайды жасап береміз деп сендірген екен. Бірақ созылған уәденің шегі көрінер емес. Енді бұл мекен де қоныс болмайды деп қынжылады жас ана.

Лаура Сатыбалдиева, Доссор кентінің тұрғыны:

- Пәтер жалдауға ақшамыз жоқ. Осының өзін бостауымыз керек. Алдында айтқандары бүгін-ертең деді. Оны босатқанда да қайда барамыз, ешқандай жеріміз жоқ. Енді далада қалдық. Не пәтер жалдай алмаймыз, не баратын жеріміз жоқ.

Қиын жағдайда қалған отбасылардың бірі – Нұргүл Қойшыбаеваның отбасында 3 ересек, 4 жас бала бар. Оның ішінде жұмысқа жарамдысы өзі ғана. Енді жалғызілікті ана жанұясын қайда сыйғызарын білмей бас қатуда.

Нұргүл Қойшыбаева, Доссор кентінің тұрғыны:

- Әкімшіліктен келгелі үй іздеудемін. Еш жерде жалдайтын пәтер жоқ. Ешкім үйін жалдамайды, жалдаса да временно пропискаға отырғызбайды. Менің қызым 2 баласымен отыр АСП-ны ала алмайды, сатып алғанға ең арзан үй 5 млн, енді жаман, күйі жоқ, жөндеу көрмеген үйлер 3 млн. Кеше көріп келдім. Енді не істейтінімізді білмейміз.

Бұл Доссорда 5-рет қайталанып отырған өрт. Жалпы осындай тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған 105 көп пәтерлі үй болса, онда 500 ден астам пәтер бар екен. Ал үй кезегі әзір жылжыр емес. Бүгінгі көріп отырғанмыздай мына 6 отбасы баспана таба алмай аласұрып жүр.

Жергілікті билік үй өртенгендердің жағдайын жақсы біледі. Бірақ көмектесуге қол қысқа. Оқыс жағдайға тап болғандарды қолдау үшін Үкіметтің қаулысымен бектіліген қағида бар. Тұрғындарға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы қаражат төлей алады. Бірақ ол жеткіліксіз болғандықтан жергілікті мәслихаттың ұйғарымымен көмек көлемін 2,5 есеге көтеріпті.

Ербол Ермағамбетов, Мақат ауданы әкімінің орынбасы:

- 500 АЕК дегеніміз 1 млн 700 мың теңгенің шамасында, пәтер алатындай көп қаражат емес. Дегенмен, қиын жағдайда қалған азаматтарға бір жолғы көмек қана. Пәтер алу үшін осы үйлдерің апатты жағдайын тіркетіп, кезекке тұру бойынша ұсыныс берілді.

Бірақ ауданда жақын арада бере қоятын пәтер  жоқ. Аудан орталығында 60 пәтерлік 2 үй салынып жатыр. Ал Доссордағы үйдің құрылысы келер жылы басталуы тиіс. Егер пәтер кезегінде 730-дай отбасы бар екенін ескерсек, баспанасыз қалғандардың әлі қанша күтерін ешкім тап басып айта алмайды.