Ұлытау облысында экологиялық жол картасы қабылданды
Ұлытау облысының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жол картасы қабылданды.
Бұл туралы аймаққа барған экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов айтты. Себебі республика аумағында зиянды шығарындылардың шамамен 16 пайызы осы облысқа тиесілі. Онымен қоса қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары санитарлық нормаға сәйкес емес. Ғарыштық мониторинг көмегімен өңірдегі белгіленбеген жерлерде 200-ден астам қоқыс алаңы анықталды. Қазір оларды жою, қайта пайда болуына жол бермеу жұмыстары басталды. Вице-министрмен кездесуде қоғам белсенділері ауызсу мәселесін де көтерді. Жезқазған тұрғындары су ішіп отырған Кеңгір көлі әбден ластанған. Жеке компания қарамағындағы су қоймасы 30 жыл бойы тазартылмаған.
Досбол Бекмағамбетов ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Жобалық сметалық құжаттама керек. Ұсынысымыз бойынша оны «Қазақмыс» ЖШС жасау керек. Содан кейін барып оны әкімдікпен келісе отырып қарастырамыз. Әрі қарай оны кім жүзеге асыратынын және жоба құны қанша болады екен. Сондықтан бұл бір күндік мәселе емес. Бірақ, мәселені көтердік, қазіргі күнде талқылауда.