Атырауда Индер-Қарабау күре жолы биыл пайдалануға беріледі
Атырауда облыстық деңгейдегі Индер-Қарабау күре жолы биыл пайдалануға беріледі.
Ұзындығы 90 шақырымға жуық күре жол Қызылқоға ауданының 7 елді мекенін облыс орталығына қосады. Бастысы Атырау-Батыс Қазақстан-Ақтөбе облыстарын жалғастырып, жолаушы тасымалын дамытуға оң ықпал етеді. Қазір жолдың негізгі құрылысы аяқталып қалды.
Индер-қарабау күре жолы өткен ғасырдың 80-ші жылдары пайдалануға берілген болатын. Алайда соңғы 40 жылда жөндеу көрмей жүргізушінің де, жолауышының да діңкесін құртып келген еді. Енді көптен күткен күре жол биылғы қараша айында ашылады.
Нұрасыл Мерғали, жүргізуші:
- Жаңбырда, батпақта қиын болады. Жол ашылса, жақсы болар еді. Атырауға қатынау қиын болып тұр. Жеңіл машиналардың жүруі қиын бұл жолмен. Осындай биік көлік болмаса, Нива, Уаз секілді. Ана жақпен айналып бару Сағызбен айналу алыс болады.
3-санатқа жататын күре жол құрылысының басты артықшылығы жүк көліктеріне арналған. Оның табанына қиыршық тастан өзге цемент аралас бетон құйылады. Ал беткі қабатына қалыңдығы 16 см асфальтпен жабылады. Мұндай технологиямен жасалған жол ұзаққа шыдайтыны өз алдына, жүк көлігінің бір білігіне түсетін 13 тонналық жүкке төтеп береді.
Жұмажан Қонысқалиев, учаске басшысы:
- Индерде өндірістік карьерлдер көп қой, осы карьерлерді алға қарай Миялы, Сағыз бағытына Атырау бағытына тасуға жүк көліктерінің оське түсетін салмақты көтеретін жол. Ені 8 метр, іргесінде тағы 2 метрден жол беткітетін жиегі бар. Бұл жолда 48 су өткізетін тұрба қарастырылған, 2 көпір қарастырылған.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бүгінде Индер-Қарабау жолының соңғы шақырымдарының құрылысы аяқтала келді. Бұл күре жол іске қосылғанда, қатынас жеңілдейді. Екіншіден, Қарабаудан шыққан көлік үшін бұрынғыдай Миялы-Сағыз айналып Атырауға 500 шақырым емес, тікелей, Индер арқылы 250 шақырым болады. Сондай-ақ, бұл жол Оралға, Ақтөбе облысына шығуға да мүмкіндік береді.
Атырау облысында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өткен 2 жылда 200 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөнделген болатын. Нәтижесінде 31 елді мекенге көлік қатынасы қалыпқа келді.
Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин