Жиһанкез ақсақал Грузияға жетті
73 жасында жер шарын жаяу аралап шықпақ болған қазақстандық Сәрсенбай Қотырашев Грузияға жетті.
Бұл оның екінші сапары. Былтыр ақсақал жарты жылда 8 мың шақырымды еңсерген. Бірақ ол кезде тек Қазақстан ішін аралап шыққан еді. Бұл жолы шетел асып, Түркияға жетуге ниетті.
Сәрсенбай Қотырашев сапарын 2 тамызда бастаған. Қазақстаннан Түркияға жаяу жолға шықты. Сөйтіп Тбилисиге жетті. Ақсақал арқасына сөмкесін асып алып, өзімен бірге арбасын алып жүреді. «Заманауи гаджеттер қажет емес», - дейді. Картамен керек жерін тауып алады. Қазақстанда жиһанкез далада түней беретін. «Бірақ сыртта жүргенде олай істеуден сескенемін», - дейді. Сондықтан шағын қонақ үйлерге аялдайды. Ал таңертең жолға шығады.
Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:
- Жас кезімде спортпен шұғылданатындай уақытым болмады. 9 жасымнан еңбекке араластым. Әлі күнге дейін жұмыс етіп келемін. Жақындарым маған қолдау білдіріп отыр. Немерелерім атамыз танымал жиһанкез, оның досы көп деп мақтанып жатады.
Сәрсенбай атаның жасы 73-те. Күніне шамамен 40 шақырымды еңсереді. Ақсақал жол-жөнекей әр өңірдің салт-дәстүрімен, әр елдің мәдениетімен танысады.
Сәрсенбай Қотырашев, жиһанкез:
- Маған Грузияның ауа райы ұнады. Адамдары да ақжарқын, мейірімді, көпшіл екен. Құшақ жая қарсы алып жатыр. Грузин халқына алғысым шексіз.
Грузия тұрғындары ақсақалмен суретке түсіп, өз қолдауын білдіріп жатыр. Енді Сәрсенбай ата Тбилисиден Батумиге жол тартты. Ол жерден қазақстандық жиһанкез Түркия шекарасын асуы тиіс. Сөйтіп қазанның басында Ыстамбұлға жетуге ниетті.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили